Экраннан – елордаға: түрік телехикаяларының жұлдыздары Астанаға келді

26 қараша күні Астанада («Mega» сауда, ойын-сауық орталығы, Chaplin кинотеатры) Қазақстандағы Түрік киносы күндерінің ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Іс-шараны «Yerli Düşünce» («Ұлттық таным») қауымдастығы Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі Кинематография бас басқармасының және Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, қазақстандық көрерменді түрік кинематографиясының үздік туындыларымен таныстыру мақсатын тұтқан Түрік киносы күндері бес күнге созылады. Қазақстандық көрермен халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағаланған, «Оскар» сыйлығына ұсынылған және түрлі жанрдағы 6 фильмді тамашалай алады.
Түрік актері Қазақстанмен бірлескен фильмге түсу ниетін білдірді
«Мұнда келгенімізден бері өзімізді үйдегідей сезініп жүрміз. Ыстық ықылас көрсетіп жатырсыздар. Үлкен рахмет. Қазақстандық көрермен бізді әрі қарай да тамашалай берсін. Бұйырса, болашақта бірлесіп фильм түсірерміз. Егер осындай жоба қолға алынса, қуана-қуана қатысамын», – деді қазақстандық көрерменге «Шұңқыр» («Çukur»), «Қилы күндер» («Karadayı») телехикаялары арқылы танымал болған актер Рыза Коджаоглу (Rıza Kocaoğlu).

Ал «Yerli Düşünce» қауымдастығының төрағасы, Түркия парламентінің бұрынғы депутаты Метин Гүндогду Қазақстан мен Түркия арасында осындай мәдени іс-шараларды жиі ұйымдастырудың маңызын атап өтті. Айтуынша, кино – бауырлас халықтардың ортақ құндылықтарын әлемге танытудың тиімді құралы.
«Екі бауырлас ел арасында осындай іс-шаралардың көбейгенін қалаймын. Бізді ортақ тарихымыз, тіліміз бен дініміз байланыстырады. Екі елдің тағдыры да ортақ. Сондықтан фильмдеріміз бен телехикаяларымыз Қазақстан мен Түркияны әлемге кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Мұндай мәдени кездесулердің маңызы зор”, – деді Метин Гүндогду.
Түркия өкілі қазақстандық фильмдерге жоғары баға берді
Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі Кинематография бас басқармасының басшысы Бирол Гүвен екі елдің кино саласындағы байланысына тоқталды. Ол жақында Ыстамбұлда өткен «Қорқыт ата» түркі әлемі кинофестивалінде қазақстандық кинематографистердің туындыларына жоғары баға берді.
«Қазақстан мен Түркия – бір-біріне өте жақын елдер. Біз осы байланысты одан әрі нығайту үшін келдік. Бір ай бұрын Ыстамбұлда «Қорқыт ата» түркі әлемі кинофестивалін өткіздік. Оған бүкіл түркі әлемінің өкілдері қатысты. Фестиваль аясында Қазақстанның тамаша фильмдерін көрдік. Қазақстан өзін лайықты деңгейде таныта білді», – деді Бирол Гүвен.
Қазақстандағы Түрік киносы күндерінің салтанатты ашылуына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Кинематография басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аймахан Алтынбай, Қазақстандағы Түркия Елшісі Мустафа Капуджу, актерлер – Илай Еркөк (İlay Erkök, «Жүректегі күз» («Hercai») және Сезгин Ердемир (Sezgin Erdemir, «Қайта оралу: Ертұғырыл» («Diriliş: Ertugrul»), «Осман» («Kuruluş: Osman»); режиссерлер – Али Өзел (Ali Özel), Угур Йаджыоглу (Uğur Yağcıoğlu) мен Айдын Сарман (Aydın Sarman); сценарист – Пынар Йаджыоглу (Pınar Yağcıoğlu) қатысты.
Түрік киносы күндері биылғы қараша айында Түркияда өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі COP31 саммитінде көрермен назарына ұсынылған 5 экологиялық фильмнің бірі – «Diğerkam» («Өзгенің игілігі үшін») туындысын көрсетумен ашылды.

Қысқаметражды фильмнің сценарий авторы – Пынар Йаджыоглу, режиссері – Угур Йаджыоглу, басты рөлдерді Рыза Коджаоглу мен Илай Еркөк сомдайды. Туындыда адам мен қоршаған орта арасындағы байланыс және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселелері қозғалады.
«Diğerkam» фильмін түсіру кезінде экологиялық стандарттар басшылыққа алынған. Атап айтқанда, түсірілім барысында атмосфераға зиянды барынша азайту, бір рет қолданылатын заттардан бас тарту, сондай-ақ декорациялар мен костюмдерді қайта кәдеге жарату мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген.
«Оскар» сыйлығына ұсынылған түрік фильмі
Сонымен қатар кеше, 26 қараша күні 99-шы «Оскар» сыйлығының «Үздік халықаралық фильм» аталымына Түркия атынан ресми ұсынылған «Kesilmiş Bir Ağaç Gibi» («Бұтақсыз қалған ағаштай») фильмі де көрсетілді. Картина режиссері – Тунч Давут, басты рөлдерді Фейяз Думан, Али Ипин және Селен Куртаран сомдайды.

Айта кетейік, фильмдер қазақша субтитрмен көрсетіледі және барлық көрермен үшін кіру – тегін.
ТҮРІК КИНОСЫ КҮНДЕРІ АЯСЫНДА КӨРЕРМЕНГЕ ҰСЫНЫЛАТЫН ФИЛЬМДЕР
Босфор кинофестивалінде бірнеше марапатқа ие болған картина
27 қараша күні 14-ші Босфор кинофестивалінде «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік актриса» және FİYAB ұйымының «Үздік продюсер» марапаттарын жеңіп алған «Beklenti» («Үміт») фильмін тамашалауға болады. Жанры – драма. Басталуы – 18.00. Жас ерекшелігі бойынша шектеу – 18+
Режиссер Али Өзел («Алтын апельсин» сыйлығының иегері) продюсерлік етіп, түсірген фильмде Озан Дағара, Хакан Салынмыш, Берк Өзтүрік және Дуйгу Шен ойнайды.
Фильмде Анадолының шалғай ауылдарының бірінде дәрігер әйел өлі күйінде табылғаннан кейін туындаған күдік, алаңдаушылық пен түрлі қауесеттер төңірегінде өрбитін оқиғалар баяндалады.
Драмадан комедияға дейін
28 қарашада көрермен назарына Ибрахим Бүйүкак пен Емрах Агуш режиссерлік еткен «Mutluyuz Mu?» («Бақыттымыз ба?») комедиялық фильмі ұсынылады. Жанры – комедия. Басталуы – 20.00. Жас ерекшелігі бойынша шектеу – 6+
Туындыда басты рөлдерді Ибрахим Бүйүкак пен Ясемин Сакаллыоглу сомдайды.
«Rafadan tayfa: kapadokya» – балаларға арналған анимациялық фильм
29 қарашада қазақстандық көрерменге «Rafadan Tayfa: Kapadokya» («Рафадан Тайфа: Каппадокия») анимациялық фильмі көрсетіледі. Басталуы – 16.00. Жас ерекшелігі бойынша шектеу жоқ.
Исмаил Фидан түсірген бұл туынды – балалар арасында кеңінен танымал «Rafadan Tayfa» анимациялық фильмдер топтамасының бесінші бөлімі және балалармен қатар, ересек көрерменнің де көңілінен шыққан туынды.
Мәдени күндер «Bak postaci geliyor» фильмімен қорытындыланады
Қазақстандағы «Түрік киносы күндері» 30 қарашада режиссер Йүксел Аксу түсірген «Bak Postacı Geliyor» («Қара, пошташы келе жатыр») фильмімен аяқталады. Жанры – романтикалық оқиға. Басталуы – 18.00. Жас ерекшелігі бойынша шектеу – 6+
Картина оқиғасы 1950 жылдары Эгей теңізі жағалауындағы шағын қалашықта өрбитін фильмде пошта қызметкері Османның сүйіктісі Гүлизарға қосылу жолындағы талпынысы баяндалады. Фильмде басты рөлдерді Дениз Барут пен Озан Акбаба сомдайды.
