«Домбыра харам» деген ақтөбелікке үкім шықты

Ақтөбе соты ұлттық аспапты ер адамның жыныс мүшесіне теңеген ер адамды 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
СУДЬЯ НЕ ДЕДІ
35 жастағы ер адамды TikTok желісі арқылы дін қызметкерлерін ит деп те тілдеген. Бүгін Ақтөбе қалалық сотында аталған оқиғаға бойынша үкім шықты. Сотталушы Азат Қоныс діни алауыздық тудыру бабымен кінәлі деп танылды.
“Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтесін”,- деді судья Жаслан Қайболдин.
Тергеу мәліметінше, оқиға сәуір айында болды.
“Тікелей эфир кезінде ұлттық, діни алауыздықты қоздыру мақсатында қазақтың домбыраны ер адамның мүшесіне теңеді. Сонымен бірге А. Қоныс тікелей эфир барысында әлеуметтік желі арқылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын “тозақ иттері” деп жануарға теңеді. А. Қоныс Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-тармағы бойынша құқықбұзушылық жасады. Сот талқылауы кезінде сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындап, өкінді”,-деді прокурор Мадина Тасмағамбетова.
КЕШІРІМ СҰРАДЫ
Соттталушының өзі соңғы сөзде өкініш білдіріп, кешірім сұрады.
“Кінәмды толық мойындаймын. Домбыра туралы айтып, Діни басқарма имамдарын “тозақтың иттері” дегеніме өкінемін. Бас бостандығымнан айырмай, шартты жаза беруді сұраймын. Мен “домбыра ібілістің мүшесі” деп айттым. Осыған өкінемін”,- деді сотталушы.