Жаңалықтар

Ақтауда қарақұрт қаптап, жұрт дабыл қағып жатыр

Ақтау маңындағы елдімекендерде қарақұрттардың қаптағаны байқалып отыр. Тұрғындар сөзінше, биыл аса қауіпті өрмекшілер бұрынғымен салыстырғанда бірнеше есе көбейген, деп хабарлайды Tizgin.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

БІР ТҰРҒЫН 20 ҚАРАҚҰРТ ЖИНАҒАН

Сайын Шапағатов ауылының тұрғындары әлеуметтік желілер мен жергілікті чаттарда бұл мәселені қызу талқылап, бір-бірін сақ болуға шақыруда. Олар қауіпті жәндіктердің суреттерін бір-бірімен бөлісіп, әсіресе балалар мен үй жануарларына алаңдап отыр.

Фото: Lada.kz

Ауыл тұрғындарының бірі өз ауласынан алты қарақұрт тапқанын айтса, тағы бір тұрғын 20-дан астамын жинап шығарғанын жеткізген.

«Бұрын да кездесетін, бірақ биыл олардың саны екі-үш есе көбейді», – дейді жергілікті тұрғын.

КЕЙБІРІ ЗИЯНКЕСПЕН ӨЗ БЕТІНШЕ КҮРЕСІП ЖҮР

Жұрт қарақұрттар елдімекен ішінде ғана емес, оның айналасында да жиі байқалатынын жеткізді. Бұл жағдай адамдар уайымын күшейтіп отыр. Әсіресе кей тұрғынның зиянкестермен өз бетінше күресіп, түрлі химиялық заттарды қолдануы қауіп тудырып отырғаны айтылып жатыр.

«Адамдар қолына түскен затпен улап жатыр, бұл денсаулыққа да, өмірге де қауіпті болуы мүмкін», – десті жұрт.

Қазір қарақұрттардың шағуы немесе өлім жағдайлары туралы ресми ақпарат тіркелмеген. Дегенмен ауыл тұрғындары мәселені назардан тыс қалдырмай, аумақты тексеріп, қауіпті жәндіктер санын азайту үшін тиісті шара қабылдауды сұрап отыр.

Back to top button