«Ақшаңызға қауіп төніп тұр»: полиция қазақстандықтарға ескерту жасады
Ақтөбе облысында 65 жастағы зейнеткер телефон алаяқтарының арбауына түсіп, 4 миллион теңгесінен айырылды. Қаскөйлер коммуналдық қызметкер және құқық қорғау органдарының өкілі болып хабарласып, ер адамды алдап соққан, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақтөбе облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, белгісіз адамдар алдымен зейнеткерге есептегіш орнату сылтауымен хабарласқан. Олар ер адамнан телефонына келген SMS-кодты айтуды сұраған. Кейін алаяқтар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, зейнеткерді жинаған қаражатын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген. Нәтижесінде 65 жастағы ер адам 4 миллион теңгесінен айырылған.
Алаяқтар егде жастағы адамдарды қалай алдайды
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қаскөйлер көбіне егде жастағы адамдардың сенгіштігін және жақындары үшін алаңдайтынын пайдаланады. Ақтөбе облыстық полиция департаменті алаяқтар жиі қолданатын бес тәсілді атады.
1. «Туысыңыз қиын жағдайға тап болды». Алаяқтар жақын адамыңыз жол апатына ұшырағанын немесе полицияға ұсталғанын айтып, мәселені шешу үшін шұғыл ақша талап етеді.
2. «Ақшаңызға қауіп төніп тұр». Өздерін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырған қаскөйлер азаматтарды жинаған ақшасын жалған «қауіпсіз шотқа» аударуға үгіттейді.
3. «Есептегішті ауыстыру қажет». Коммуналдық қызмет маманы болып хабарласқан алаяқтар телефонға келген SMS-кодты сұрайды. Осы арқылы жеке деректер мен қаржылық сервистерге қол жеткізуге тырысады.
4. «Сізге өтемақы тиесілі». Қосымша әлеуметтік төлем немесе зейнетақыны қайта есептеу сылтауымен банк картасының деректері мен растау кодтарын алуға әрекет жасайды.
5. «Тиімді инвестиция». Жоғары әрі кепілді табыс табуға уәде беріп, азаматтарды күмәнді инвестициялық жобаларға қаржы салуға көндіреді.
Полиция тұрғындарға ескерту жасады
Ақтөбе облыстық полиция департаменті азаматтарды егде жастағы ата-аналары мен жақындарының қаржылық қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырды. Тәртіп сақшылары күмәнді қоңырауларға сенбеуге, телефонға келген растау кодтарын бөгде адамдарға айтпауға және белгісіз шоттарға ақша аудармауға кеңес береді.
Жақындарыңызға алаяқтардың қандай тәсілдер қолданатынын алдын ала түсіндіріп қойған жөн. Полицияның ескертуінше, егде жастағы туыстармен дер кезінде жүргізілген қарапайым түсіндіру әңгімесі олардың жылдар бойы жинаған қаражатынан айырылып қалуының алдын алуы мүмкін.