«Яндекстегі» ақаудан соң жауапты министрлік мәлімдеме таратты
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі сервистің шетелдегі компоненттерге тәуелді екенін түсіндірді
«Яндекс» пайдаланушыларының дербес деректерін сақтайтын серверлер Қазақстан аумағында орналасқан және қалыпты режимде жұмыс істеп тұр деп хабарлама таратты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі. Алайда такси мен жеткізу қызметтеріне қажетті жекелеген компоненттер шетелде орналасқанын атап өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министрліктің мәліметінше, «Яндекс» сервистеріндегі іркілістер қазақстандықтар күнделікті пайдаланатын цифрлық платформалардың сенімділігіне қатысты орынды сұрақтар туғызған. Қазақстандағы пайдаланушылардың дербес деректерін сақтауға арналған серверлер қалыпты жұмыс істегенімен, бұл платформаның барлық бөлігі ел ішінде дербес жұмыс істейді дегенді білдірмейді. Такси мен жеткізу қызметтерінің жұмысына қажетті кейбір компоненттер Қазақстан аумағынан тыс жерде орналасқан.
«Пайдаланушылар үшін сервистердің үзіліссіз жұмыс істеуі бірінші кезекте маңызды. Сондықтан деректерді Қазақстан аумағында орналастыру және цифрлық платформалардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету – кешенді шешуді талап ететін екі бөлек міндет», – деп түсіндірді министрлік.
Министрлік тағы не дейді
Қазір «Яндекс» сервистерінің жұмысын қалпына келтіру шараларын жүргізіп жатыр. Министрлік қажетті қолдау көрсету мәселелері бойынша компаниямен және қазақстандық инфрақұрылымдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейді. Сонымен қатар такси мен жеткізу қызметтерін ұсынатын өзге платформалардың жүктеме артқан жағдайда да тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылданады.
Яндекс жұмысындағы ақау
11 қазан күні Қазақстанда «Яндекстің» такси жүргізушілері мен курьерлеріне арналған сервистері ашылмай қалды. «Яндекс Go Qazaqstan» техникалық ақауларға байланысты мәлімдеме жасап, мамандар сервистердің тұрақты жұмысын қалпына келтіруге күш салып жатқанын хабарлады. Компания жекелеген технологиялық компоненттер әртүрлі елдердегі серверлерде орналасуы мүмкін екенін, сондықтан олардың біріндегі ақау бірнеше елдегі сервистердің қолжетімділігіне әсер етуі ықтимал екенін түсіндірді. Іркілістер Ресейдегі «Яндекс» инфрақұрылымына жасалған шабуылдармен тұспа-тұс келді. 8 қазанда Рязань облысының Сасово қаласындағы дата-орталықтың жұмысы тоқтаған. Келесі күні Калуга облысындағы нысанның инфрақұрылымы ішінара істен шыққан. Ал 11 қазанға қараған түні Владимирдегі дата-орталыққа дрондар шабуыл жасап, нысанның жұмысы толық тоқтады. Дегенмен «Яндекс Go Qazaqstan» Қазақстандағы іркілістердің осы шабуылдармен тікелей байланысты екенін растаған жоқ.
«Яндекс Go»-дағы ақаудан кейін inDrive сервисіне сұраныс күрт артты. Компания басшысы Арсен Томский жүргізушілерді көбірек тарту үшін комиссияның төмендетілгенін мәлімдеді. Ол бағаның шамадан тыс өсуін тежеу мақсатында жолаушы мен жүргізуші арасындағы баға келісу ауқымын қосымша шектеу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын да айтты.