Дрон шабуылынан кейін «Яндекстің» Ресейдегі дата-орталығы толық тоқтады
11 қазанға қараған түні Ресейдің Владимир қаласындағы «Яндекс» дата-орталығына дрондар шабуыл жасап, нысанның жұмысы толық тоқтады. Компания инфрақұрылымның зақымданғанын растады. Оқиға салдарынан Yandex Cloud бұлтты платформасы авариялық режимге көшті, деп хабарлайды Tizgin.kz Yandex Cloud Alerts ресми арнасына сілтеме жасап.
Дата-орталықтың жұмысы толық тоқтады
Компанияның мәліметінше, шабуылдан адамдар зардап шекпеген. Оқиға орнына тиісті қызметтер барып, оның салдарын жоюға кіріскен. Мамандар келтірілген залалдың көлемін бағалап, жұмысты қайта іске қосу жолдарын қарастырып жатыр. Шабуыл туралы мәлімдемеге дейін Yandex Cloud Владимирдегі дата-орталықпен байланысты ru-central1-a аймағында электрмен жабдықтау мәселесі туындағанын хабарлаған. Кейін компания қолда қалған ресурстардың тұрақтылығы жеткіліксіз екенін ескертіп, клиенттерге сервистерін балама алаңдарда қалпына келтіру жоспарларын пайдалануды ұсынды. Техникалық қолдау арналарында да іркілістер болуы мүмкін.
Владимирдегі «Яндекс» инфрақұрылымының алғашқы алаңы 2017 жылы іске қосылған. «Телеграф» басылымының жазуынша, 2026 жылғы наурызда оның жанында қуаты 40 МВт болатын, 2800 серверлік тірекке есептелген жаңа дата-орталық ашылған. Алайда компанияның шабуыл туралы ресми хабарламасында зақымданған нысанның қуаты мен серверлік тіректерінің саны нақтыланбаған.
Ондаған сервиске ақау әсер етті
Yandex Cloud-тың алғашқы ескертуінде ақау әсер еткен 80-нен астам сервис пен компонент көрсетілген. Олардың арасында есептеу ресурстары, дерекқорлар, деректерді сақтау жүйелері, жасанды интеллект құралдары және бизнеске арналған сервистер бар. Бұқаралық ақпарат құралдары «Яндекс Музыка», «Яндекс Дом», «Алиса» және «Телемост» сервистерінің де қолжетімсіз болғанын хабарлады. Дегенмен Yandex Cloud инфрақұрылымының барлығы толық тоқтады деуге негіз жоқ. Компанияның кейінгі жаңартуында басқару консолі мен API қолжетімді екені, ал есептеу ресурстары ru-central1-d және ru-central1-e аймақтарында жұмыс істеп тұрғаны айтылған. Кейбір дерекқорлар резервтік ресурстарға ауысқан, ал деректерді сақтау жүйесінде ақпаратты оқу мүмкіндігі сақталғанымен, жазу кезінде қиындықтар болуы ықтимал.
Бұл – бірнеше күн ішіндегі «Яндекс» дата-орталықтарына жасалған үшінші шабуыл. 8 қазанда Рязань облысының Сасово қаласындағы нысанда шабуылдан кейін өрт шығып, жұмысы тоқтатылған. 9 қазанда Калуга облысындағы дата-орталыққа дрондар соққы жасап, инфрақұрылымының бір бөлігі істен шыққан. Компания зардап шеккен сервистерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.