Әулиекөл ауданында Лениннің ескерткіші алынып тасталды
Қостанай облысының Құсмұрын кентінде Ленин ескерткішін үш бөлікке бөліп, бөлшектеп жатқан видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Желіде таралған видео
Әулиекөл ауданында «күн көсемнің» ескерткішін бөлшектеу сәті YouTube желісінде жарияланды. Оны Юрий Каталевич есімді тұрғын бөліскен.
Видео авторы ескерткішті алып жатқанда өткен-кеткендердің кейбірі мұңайып, енді бірі қуанды деп жазыпты.
Сатып алғысы келетіндер де бар
Жазба әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Бірі Лениннің Қазақстан тарихындағы рөлін еске салып, ескерткіштің алынуына өкініш білдірген. Енді бірі оны мүлде бұзбай, кедергі келтірсе, басқа жерге көшіруге болатынын айтқан. Лениннің ескерткішінің алынып тасталуын құптап, тарих қойнауына кеткенін қоштап жатқандар көп.
Сондай-ақ кейбір қолданушы ескерткіштің бөлшектелуін алаңды қайта жаңғырту жұмыстарымен байланыстырса, енді бірі оны сатып алғысы келетінін жазған.
Әкімдік не дейді
Әулиекөл ауданы әкімдігі ескерткіштің толықтай алынып тасталғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, қазір алаңда абаттандыру жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты Ленин ескерткіші бастапқы орнынан 20 метрге жылжытылады.
Жұмыстар аяқталған соң ескерткіш сол алаң аумағында, бірақ басқа жерде орналастырылатын көрінеді.