Астанада автобуста жол жүру ақысы қымбаттайды
Астанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысы қымбаттайды, деп хабарлайды Tizgin.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Жаңа тариф бойынша қазан айының соңына қарай қалалық автобустарда жолақыны қолма-қол ақшасыз төлеу құны 110 теңгеден 150 теңгеге дейін өседі. Дәл осындай тариф әлеуметтік маңызы бар бағыттарда да қолданылады.
Қалалық экспресс бағыттарда жолақыны қолма-қол ақшасыз немесе жол жүру құжаты арқылы төлегенде бір сапар құны 300 теңгені құрайды.
Ал қолма-қол ақшамен төлеген жағдайда қалалық автобуста жол жүру ақысы 300 теңге, экспресс бағыттарда 400 теңге болады.
Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар бағыттарда жеңілдік беретін көлік картасы арқылы жол жүру тегін болып қалады.
Электрондық төлем жүйесі істемей қалса, жолақыны әдетте электронды түрде төлейтін жолаушылар автобуста тегін жүре алады.
Жаңа тарифтер қаулы ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді.
Еске салайық, Астанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысы қымбаттайтыны жайлы жазғанбыз.