«Айыппұл төлейді де шығады»: Navai-дің анасы ұлының Қазақстанда ұсталуына пікір білдірді

Қазақстанда есірткі контрабандасына оқталу күдігімен ұсталған ресейлік рэпер Navai-дің анасы Айнұр Бакирова ұлына әдейі жала жабылған деп есептейді. Ол ресейлік БАҚ-қа берген сұхбаттарында әншінің жақын арада босатылатынына сенімді екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Анасы не дейді
Айнұр Бакирова 112 Telegram-арнасына берген сұхбатында ұлы үшін алаңдамайтынын айтып, оның ұсталуын әдейі ұйымдастырылған жағдай деп бағалаған.
«Мен өз баламды білемін. Бұл – анық әдейі ұйымдастырылған іс. Ол қазір гастрольде жүр, қаншама қаланы аралады, оның мұндайға мүлде уақыты жоқ», – деді ол.
Бакированың сөзінше, онымен рэпер Bahh Tee де хабарласқан. Ол «бәрі жақсы болатынын» айтып, Navai-дің келесі күні босатылатынына сендірген.
Ал Super басылымына берген сұхбатында әншінің анасы алдыңғы күні көңілі алаң болғанын, бірақ ұлының өзімен әлі сөйлеспегенін жеткізді. Ол Navai-дің есірткіге қатысы болуы мүмкін дегенге сенбейтінін қайталаған.
Бакированың айтуынша, ұлының командасы да алаңдауға негіз жоқ екенін айтқан.
«Оның күзетшісі қоңырау шалып, бәрін шешіп қойғандарын айтты. “Қазір босатады, уайымдамаңыз, айыппұл төлейді де, болды”, – деді. Олар контрабанда тасып жүрген жоқ қой», – деді Айнұр Бакирова.
Бұл – әншінің анасы жеткізген мәлімет. Оның сөздері Navai-ді босату туралы ресми шешім қабылданғанын білдірмейді.
Navai не үшін ұсталды
Бұған дейін Navai-дің Қазақстанға кірер кезде «Қордай» бақылау-өткізу пунктінде ұсталғаны хабарланған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оны 13 қазанда полиция қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп ұстаған. Әнші келген автокөлікті тексеру кезінде есірткі заты табылып, тәркіленген. Оның түрі мен мөлшері жарияланған жоқ.
Осы дерек бойынша есірткі заттарының контрабандасына оқталу күдігімен қылмыстық іс қозғалып, орындаушы уақытша ұстау изоляторына қамалған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқаны хабарланды. 14 қазанда Navai-дің Астанадағы концерті де өтпейтіні белгілі болды. Ұйымдастырушылар техникалық себептерді атаған. Концерттің өтпеуі әншінің ұсталуымен байланысты ма, ресми хабарламада нақтыланбаған.