$ 450.62 € 504.20 ₽ 5.36
TOP-2Жаңалықтар

Тоқаев Қаринді қабылдады: Вице-президентке қандай тапсырмалар жүктелді

Мемлекет басшысы Вице-президентті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Ақорда мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Вице-президент Ерлан Қариннің ішкі саясаттың басым бағыттарын жүзеге асыру, Президент тапсырмаларын орындау мен бастамаларын ілгерілету, соның ішінде бірінші шақырылған Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында және Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтылған міндеттерді іске асыру жөніндегі есебін тыңдаған. Атап айтқанда, Вице-президент конституциялық құндылықтарды түсіндіру және насихаттау, «Таза Қазақстан» жобасын жүзеге асыру, жаңа қоғамдық этика қалыптастыру, «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын енгізу бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндаған.

“Сондай-ақ Мемлекет басшысына этносаралық келісімді нығайту, балалардың құқығы мен мүддесін қамтамасыз ету, мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру секілді ішкі саясаттың негізгі бағыттары жөнінде мәлімет берілді”, – делінген хабарламада.

Кездесу соңында Президент конституциялық қағидаттар мен құндылықтар ұлттық болмыс пен қоғамдық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс екенін атап өтіп, бірқатар тапсырма берген. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, патриотизм, жауапкершілік, еңбекқорлық, бірлік және азаматтардың жасампаз мақсаттар жолында жұдырықтай жұмылуы елімізді қарқынды дамытудың маңызды алғышарттары саналады.

Back to top button