Қытайдан келген ұшақта ұрлық жасалды: күдікті Астанада ұсталды
Қытайдан Қазақстанға ұшып келген жолаушы ұшақ бортында ірі көлемдегі ақшасының жоғалғанын анықтады. Астана тұрғыны 3 600 АҚШ долларынан (1,6 млн теңгеден астам) айырылған. Көлік полициясы күдіктіні анықтап, елордадағы қонақүйлердің бірінен ұстады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ақшаның жоғалғанын Астана әуежайында білген
2026 жылғы 14 қазанда Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазанов әуе кемесінің бортында болған ұрлыққа қатысты мәлімет берді. Оның айтуынша, Астана әуежайында полиция қызметкерлеріне елорданың 41 жастағы тұрғыны арызданған.
Ер адам Чунцин – Бейжің – Астана бағыты бойынша транзиттік рейспен ұшып келген. Қазақстан астанасына жеткен соң ол өзіне тиесілі 3 600 АҚШ долларының жоғалғанын анықтаған. Осыдан кейін көлік полициясының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын бастап, ұрлыққа қатысы болуы мүмкін азаматтың жеке басын анықтады. Тергеу барысында күдіктінің шетел азаматы екені белгілі болды. Ол жәбірленушімен бір рейсте ұшып, ұшақ салонында оның артындағы орындықта отырған.
Күдікті қонақүйден ұсталды
Полиция қызметкерлері күдіктіні Астанадағы қонақүйлердің бірінен ұстаған. Бөлмеге жүргізілген тінту кезінде әртүрлі валютадағы ақша, соның ішінде жолаушыдан ұрланған 3 600 доллар толық көлемде тәркіленді.
«Күдікті елордадағы қонақүй бөлмелерінің бірінде ұсталды. Тінту барысында одан әртүрлі валютадағы ақша, оның ішінде ұрланған қаражат толық көлемде алынды. Ұсталған азамат кінәсін мойындап, жауап берді. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр», – деді Теміржан Рамазанов.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.