Алматыда 48 бала уланды: Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеме жасады
Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде балалар жаппай уланғаннан кейін оқу уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Мектептің асханасында санитария талаптары бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды Tizgin.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мектептің асхана блогында санитариялық талаптар бұзылған. Осыған байланысты шектеу шаралары енгізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Алайда қандай талаптардың бұзылғаны хабарламада нақтыланбаған. Қазір мектепте мониторинг тобы жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің, бейінді аумақтық органдардың және «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының өкілдері кірген.
Бұған дейін Tizgin.kz Алматыда балалардың жаппай уланып, 48 баланың ауруханаға түскені туралы хабарлаған еді.
Мектеп басшылығына қандай тапсырма берілді
Оқу-ағарту министрлігі РФММ-нің директорлар кеңесі мен басқармасына тамақтануды ұйымдастыруды және санитариялық талаптардың сақталуын бақылауды күшейтіп, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Балалардың қауіпсіздігі мен оқу процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін сабақтар уақытша қашықтан өткізіліп жатыр. Оқушылардың мектепке қашан оралатыны хабарламада айтылмаған.
Министрліктің мәлімдеуінше, қазір басты міндет – оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау және болған жағдайдың мән-жайын жан-жақты анықтау. Тексеру нәтижесіне қарай тиісті шаралар қабылданады. Жағдай бейінді қызметтер мен Оқу-ағарту министрлігінің бақылауында. Жұмыс Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жүргізіліп жатыр.