Бір мектептің 47 оқушысы ішек инфекциясымен ауруханаға түсті
Алматыда республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) 50-ге тарта оқушысы жіті ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Tizgin.kz
Желіде таралған жазба
Аталған деректі Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы растады. Мәлім болғандай, осының алдында әлеуметтік желілерде жазба жарияланып, онда желі қолданушыларының бірі ауруханаға жиендері түскенін хабарлаған.
“Улану дейді! Кейбірінен ішек таяқшасы табылған! Бүгін мектептің үш күнге карантинге жіберілгенін айтты. Неге ешбір жерде жарияланбайды?! 50-дей оқушы ауруханаға түсті!” – деп жазды ол.
Сегіз бала оқшауланды
Жазбаға қалдырылған пікірлерде Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы қазанның 12-13 күндері жіті ішек инфекциясы белгілерімен 47 оқушының ауруханаға жатқызылғанын жеткізді. Қазір барлығы дәрігерлер бақылауында.
Интернаттағы тағы сегіз бала оқшауланып, ақ халаттылардың бақылауына алынды.
Аталған жағдайдан соң санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қаулысымен мектеп жұмысы уақытша тоқтатылғаны хабарланды. Мамандар зертханалық зерттеулер үшін сынамалар алды.