$ 450.62 € 504.20 ₽ 5.36
Жаңалықтар

«Тоғыз жыл күттік»: Димаш Құдайберген әлемдік турына тағы бір елді қосты

Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген жанкүйерлеріне қуанышты жаңалығын жеткізді. Өнер иесі DIMENSIONS WORLD TOUR аясында алғаш рет Индонезияда жеке концерт өткізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Димаш Индонезиядағы алғашқы концертінің күнін жариялады

Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген 14 қазанда Instagram парақшасында әлемдік гастрольдік сапарына тағы бір ел қосылғанын хабарлады.

«Индонезия, жақында кездесеміз!» – деп жазды әнші.

DimashAli Creative Center орталығының мәліметінше, әншінің Индонезиядағы алғашқы жеке концерті 2026 жылғы 12 желтоқсанда өтеді. Концерт Sentul International Convention Center (SICC) кешенінде ұйымдастырылады. Аталған өнер кеші Димаштың DIMENSIONS WORLD TOUR атты әлемдік гастрольдік сапарының бір бөлігі болмақ.

Жанкүйерлер қуаныштарын жасырмады

Әншінің бұл жаңалығы индонезиялық жанкүйерлерін ерекше қуанышқа бөледі. Әлемге Dears атауымен танылған тыңдармандары әлеуметтік желіде Димашқа алғыс айтып, көптен күткен кездесудің жүзеге асатынына қуанды.

«Тоғыз жыл… Ақыры Instagram парақшаңнан өз елімнің атын көрдім», – деп жазды жанкүйерлерінің бірі.

Желі қолданушыларының арасында «Біз сондай бақыттымыз!», «Индонезияға қош келдіңіз!», «Керемет жаңалық!» деген пікірлер де көптеп жазылды.

Айта кетейік, Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS WORLD TOUR аясындағы концерттері Еуропа мен Латын Америкасының бірқатар елінде жоспарланған. Атап айтқанда, әнші Польша, Германия, Испания, Мексика, Колумбия, Чили және Перуде өнер көрсетеді. Енді бұл тізімге Индонезия да қосылып, қазақстандық өнерпаздың әлемдік гастрольдік сапарының географиясы кеңейе түсті.

 

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button