Пашинян Әзербайжанға жер алмасуды ұсынды

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжанға екі ел арасындағы анклавтар мен эксклавтар мәселесін аумақтарды тең көлемде алмасу арқылы шешуді ұсынды. Бұл туралы ол Facebook-тегі бейнежазбасында айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Pan басылымына сілтеме жасап.
Анклавтар мәселесін қалай шешу ұсынылды
Пашинянның сөзінше, Армения мен Әзербайжан арасындағы шекараны делимитациялау және демаркациялау Алматы декларациясы негізінде жүргізілуге тиіс. Ал анклавтар мен эксклавтарға қатысты мәселені екі ел шекарасының екі жағында да мұндай аумақтар қалмайтындай етіп шешу керек.
Ол үшін тараптар көлемі бірдей аумақтармен алмасуы қажет. Пашинян сондай-ақ Армения аумағы 29 743 шаршы шақырым болуы керегін атап өтті.
Премьер-министрдің айтуынша, TRIPP жобасы аясында ғана емес, барлық көлік жолы мен коммуникация ашық әрі жұмыс істеп тұруы керек. Соның ішінде Әзербайжан аумағы арқылы Арменияның бір бөлігінен екінші бөлігіне, сондай-ақ Армения арқылы Әзербайжанның бір бөлігінен екінші бөлігіне қатынауға мүмкіндік берілуі қажет.
Тараптар өзара талаптардан бас тартуы керек
Пашинян екі ел бір-біріне қоятын өзара талаптарынан бас тартуы керек екенін де айтты. Оның пікірінше, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен байланыстардан кейін осындай тәсілді жүзеге асыруға мүмкіндік туған.
2025 жылы тамызда Армения мен Әзербайжан бейбіт келісім жобасына қол қойған. Құжатта тараптар бейбіт келісімді жасасуға міндеттенгенімен, екі ел арасындағы реттеу үдерісі әлі жалғасып жатыр.