$ 450.62 € 504.20 ₽ 5.36
TOP-2Жаңалықтар

Мобильді аударымдар қай кезде кәсіпкерлік табыс деп саналады

Жеке аударым мен кәсіпкерлік табыстың айырмашылығы қандай

Мобильді аударымдар жүйелі түрде түсіп, тауар сату, жұмыс орындау немесе қызмет көрсету үшін төлем ретінде қабылданса, кәсіпкерлік қызметтен алынған табыс деп танылуы мүмкін. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қандай аударымдар кәсіпкерлік табысқа жатады

Комитеттің мәліметінше, кәсіпкерлік қызметтің негізгі белгісі — тауар өткізу, жұмыс орындау немесе қызмет көрсету арқылы таза табыс табуға бағытталған дербес әрі бастамашыл қызмет.

Сондықтан мобильді аударымдарды бағалауда ақшаның жүйелі түсуі және оның қандай мақсатпен жіберілгені ескеріледі. Сатылған тауардың, орындалған жұмыстың немесе көрсетілген қызметтің ақысы ретінде тұрақты қабылданатын қаражат кәсіпкерлік табыс ретінде қарастырылуы мүмкін.

Жеке аударымдарға салық салына ма

Мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударымның өзі салық салу объектісі емес екенін түсіндірді. Салық аудару тәсіліне емес, алынған кіріске салынады.

Туыстардың жеке мақсатта жіберген ақшасы, туған күнге немесе тойға берілген сыйлықтар салық салынатын табысқа жатпайды. Мектеп пен балабақшадағы ортақ шығындарға жиналған қаражат та кіріс ретінде танылмайды.

Отбасы мүшелерінен тұрақты түрде ақша түсуі де өздігінен кәсіпкерлік табыс болып саналмайды. Мұндай аударымдар жеке, отбасылық сипатқа ие болса, оларға салық салынбайды.

Back to top button