$ 450.62 € 504.20 ₽ 5.36
Жаңалықтар

Еңбек министрлігі қай отбасыларды бай деп есептейді

Қазақстанда отбасының жеке пәтері немесе көлігі болуы оны автоматты түрде ауқатты отбасылар қатарына жатқызуға негіз болмайды. Әл-ауқат деңгейін анықтағанда табыс, мүлік, жұмыспен қамтылу және өзге де көрсеткіштер кешенді бағаланады, деп хабарлайды Tizgin.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

А және В санаттарына қандай отбасылар жатады

Қазақстанда отбасылар әлеуметтік әл-ауқатына қарай бес санатқа бөлінеді:

  • А – әл-ауқат деңгейі жоғары;
  • В – ауқатты;
  • С – әл-ауқат деңгейі қанағаттанарлық;
  • D – экономикалық тұрғыдан осал;
  • Е – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал.

Министрлік материалдық қамтамасыз етілу деңгейі жоғары А және В санаттарына жатқызу тәртібін түсіндірді. Бағалау кезінде отбасының қаржылық жағдайы, бірнеше жылжымайтын мүлкінің, қымбат автокөліктерінің, жеке бизнесі мен ауқымды жер активтерінің болуы ескеріледі.

Атап айтқанда, өлшемдердің бірі — отбасының әр мүшесіне шаққандағы қаржылық қамтамасыз етілу деңгейінің кемінде жеті ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең болуы.

Бұдан бөлек, жан басына шаққанда ауданы 120 шартты шаршы метрден басталатын бірнеше тұрғын үйдің, люкс санатындағы автокөліктердің, коммерциялық жылжымайтын мүліктің, ірі, орта немесе шағын бизнестің, сондай-ақ көлемді жер учаскелерінің болуы есепке алынады.

Алайда аталған белгілердің бірінің болуы отбасын автоматты түрде А немесе В санатына жатқызуға жеткіліксіз. Қорытынды баға отбасының материалдық жағдайы мен әлеуметтік тұрақтылығын сипаттайтын деректердің жиынтығы бойынша беріледі.

Отбасының санаты қалай анықталады

Бағалау үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер пайдаланылады. Отбасы мүшелерінің қаржылық жағдайы мен жұмыспен қамтылуынан бөлек, тұрғын үй жағдайы, мүлкі, көлік құралдары, кредиттік міндеттемелері, бизнесі, жер учаскелері, жеке қосалқы шаруашылығы және әлеуметтік сипаттамалары ескеріледі.

Министрліктің түсіндіруінше, жеке пәтердің, автокөліктің немесе басқа бір мүліктің болуы өздігінен отбасын жоғары қамтамасыз етілген деп тануға негіз емес. Оның қай санатқа жататыны барлық көрсеткішті кешенді бағалау нәтижесінде анықталады.

Әлеуметтік әл-ауқат санаты тұрақты болып қалмайды. Отбасының тұрмыс жағдайы, құрамы, материалдық немесе мүліктік жағдайы өзгерсе, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі жаңартылған деректер негізінде бағалау қайта қаралуы мүмкін.

Бұған дейін 2027 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жәрдемақылардың кейбір түрі мен жерлеуге берілетін біржолғы төлем мұқтаждық қағидаты бойынша тағайындалатыны хабарланған. Ол үшін отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейін объективті бағалау нәтижесі негізге алынады.

Back to top button