Тергеуге алынған Ерғали Аманбаевтың депутаттық мәртебесі сақталған
Түркістан облысына қарасты Бәйдібек аудандық мәслихаты депутаты Ерғали Аманбаев тергеуге алынса да, мәртебесі сақталған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Аманбаев әлі депутат
Оған шетелдік азаматқа қатысты “жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады” деген айыппен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған болатын. Бұл жөнінде Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы (АСК) мәлімдеді. Себебі сол, сотқа дейінгі тергеу фактісінің өзі оны өкілеттігінен айыруға негіз емес.
“Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде депутаттық мандат сақталады. Бұл Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабына негізделген: әрбір адам оның қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәлілігі осы Кодексте көзделген тәртіппен дәлелденгенге және соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін кінәсіз деп есептеледі”, – делінген Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берілген жауапта.
Бұл ретте Аманбаевтың өкілеттігін тоқтату мәселесі қазір қаралып жатқан жоқ.
Мәслихатқа бұл мәселе бойынша ешқандай өтініш түспеген, оның депутаттық мәртебесіне қатысты отырыстар немесе комиссиялар өткізілмеді.
Депутаттық өкілеттігін орындай алмайды
Сондай-ақ осыған дейін мәслихат АСК-ға Аманбаев мәртебесіне қатысты ақпарат алу үшін жүгінгені атап өтілді. Комиссия оның алдағы мәртебесі құқық қорғау органдарының немесе соттың шешімінен кейін анықталатынын хабарлады.
Аманбаевтың мандаты әзірге сақталса да, іс жүзінде ол депутаттық өкілеттігін орындай алмайды. Күзетпен ұстау кезеңінде оған сессиялар мен мәслихаттың басқа да отырыстарына қатысуға тыйым салынған.
Осылайша, Аманбаев депутат мәртебесін сақтап отыр, бірақ өз міндеттерін атқармайды.
Не үшін қамауға алынды
Бұған дейін желіде әйелге қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасалуы мүмкін екендігі туралы ақпарат тараған болатын. Түркістан облысы полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады.
“Күдікті, Шымкент қаласының тұрғыны анықталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтауға бағытталған қажетті шаралар жүргізіліп жатыр”, – деді полиция.
Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған бейресми деректерге сүйенсек, полицияға 34 жастағы әйел арызданған. Ол қорғасын-мырыш кенін өндіруге инвестиция салу мүмкіндігіне қызығушылық танытқан төрт шетелдікпен бірге Байжансай ауылына келген көрінеді.
БАҚ ақпаратынша, қонақтарды депутат Ерғали Аманбаев қарсы алып, бастап жүрген. Кейінірек ол әйелді адам аяғы баспайтын жерге апарып, зорлаған делінген. Ресми түрде баяндалған бұл жайттар әзірге расталмады.