Семейде полицияның екі көлігін өртеп жіберген зейнеткерге үкім шықты
Учаскелік полицейлерден кек алмақ болған зейнеткер шығынды өтейді
65 жастағы Семей тұрғыны учаскелік полиция инспекторларының екі қызметтік көлігін өртегені үшін сотталды. Ол полицейлерді “жазалау” мақсатында көліктерге қасақана от қойған. Сот оған бас бостандығын шектеп, келтірілген материалдық шығынды өтеуді міндеттеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Полицейлерге ашуланған
Сот материалдарына сәйкес, оқиға биылғы 25 қаңтарда болған. Сол күні зейнеткер гаражында бір банка сыра ішіп, үйіне қайтып бара жатқан кезде оны учаскелік полиция инспекторлары тоқтатқан.
Полицейлер ер адамды тірек пунктіне жеткізіп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған. Кейін туыстарының өтінішімен оны үйіне жіберген. Алайда осыдан кейін ер адам полицейлерден кек алуға бекінген. Ол гаражынан бензин құйылған канистрді алып, полицияның тірек пунктіне барып, учаскелік инспекторларға тиесілі Changan CS55 Plus және Chevrolet Cobalt автокөліктеріне от қойған.
Күдікті оқиға орнынан қашып үлгермеген. Полицейлердің бірі сыртқа жүгіріп шығып, оны қуып жетіп ұстаған.
Сот қандай шешім шығарды
Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына ашуланып, осылайша учаскелік инспекторларды жазалағысы келгенін айтқан. Өз кезегінде полиция қызметкерлері ер адамның масаң күйде болғанының айқын белгілері байқалғандықтан заң талаптарына сәйкес әрекет еткендерін мәлімдеді. Олар әкімшілік хаттама рәсімдеп, кейін туыстарының өтініші бойынша оны үйіне жіберген.
Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 202-бабының 2-бөлігі (“Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру”) бойынша кінәлі деп таныды. Оған 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылауға алу туралы шешім шығарылды.
Сонымен қатар сот айыпталушыны жәбірленушілерге келтірілген 9,8 миллион теңге көлеміндегі материалдық шығынды өтеуге міндеттеді. Ер адамның айтуынша, бұл қаражатты ол зейнетақысынан төлейтін болады.
Еске салайық, 2026 жылдың қаңтарында әлеуметтік желілерде Семейдегі өртеніп жатқан екі көліктің видеосы тараған болатын. Кейін полиция аталған автокөліктердің қызметкерлерге тиесілі екенін растады. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған еді.