ҚазМұнайГаз Қытай нарығынан 3,5 млрд юань тартты
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Dim Sum облигацияларын шығару арқылы 3,5 млрд Қытай юань, яғни шамамен 520 млн доллар тартты. Бұл Қазақстан мен Орталық Азияның борыш капиталы нарығы үшін тарихи мәміле болып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ҚМГ үшін рекордтық төмен мөлшерлеме
Облигациялар екі траншқа бөлінген. Көлемі 1,5 млрд юань болатын бес жылдық облигациялардың жылдық купондық мөлшерлемесі 2,3 пайыз, ал кірістілігі 2,45 пайыз болып белгіленді.
Тағы 2 млрд юань он жыл мерзімге тартылды. Бұл облигациялардың купондық мөлшерлемесі жылына 2,8 пайызды, кірістілігі 2,98 пайызды құрайды. Компания үшін бұл – облигациялар нарығындағы қарыз қаражатының тарихи тұрғыдан ең төмен құны. Тартылған қаражат Қазақстандағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталмақ. Облигациялар бойынша есеп айырысу 2026 жылғы 2 қыркүйекке жоспарланған.
Инвесторлардың сұранысы ұсыныстан жеті еседен асты
Орналастыру шарттарымен қатар, инвесторлар тарапынан түскен сұраныс та мәміленің ауқымын көрсетті. Өтінімдер кітабы ең жоғары кезеңде 25 млрд юаньнан асты. Бұл ұсынылған облигациялар көлемінен жеті еседен де көп.
ҚМГ мәліметінше, бұл – материктік Қытай мен Гонконгтан тыс орналасқан эмитенттердің Dim Sum облигацияларын шығару тарихындағы ең ірі өтінімдер кітабы.
Осы мәміле арқылы ҚМГ қазақстандық компанияларға ұзақмерзімді қаржы тартудың жаңа көзін ашты. Нәтиже Қазақстанның кредиттік тәуекелі ірі халықаралық капиталды ұзақ мерзімге әрі бәсекеге қабілетті мөлшерлемемен тарта алатынын көрсетті.
Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстар нығайып жатқан тұста бұл бағыттың маңызы арта түседі. Өйткені юаньмен қаржы тарту долларға тәуелділікті азайтып, қазақстандық компаниялардың Азия капитал нарығына шығу мүмкіндігін кеңейтеді.
Өтінімдердің ұсыныстан жеті еседен астам артуы, төмен мөлшерлеме және он жылдық мерзім инвесторлардың ҚМГ-ге сенім білдіріп, ұлттық компанияны қаржылық тұрғыдан орнықты қарыз алушы ретінде бағалайтынын аңғартады. Сонымен бірге бұл – халықаралық инвесторлардың жалпы Қазақстанға деген сенімінің белгісі.