«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының өндіріс жөніндегі бас директоры К. Омарбеков пен компания департаменттерінің бірінің бас менеджері Е. Байқұлов екі айға қамауға алынды. Тиісті шешімді тергеу соты 2026 жылдың 26 қарашасында шығарды, деп хабарлайды Tizgin.kz Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, сот бұлтартпау шарасын таңдау кезінде күдіктілерге тағылған айыптарға негіз болған іс-әрекеттердің сипаты мен ауырлығын ескерген. Оларды қамауға алу куәгерлер мен қылмысқа қатысы болуы мүмкін адамдарға қысым көрсетуге, сондай-ақ дәлелдемелер мен тергеу нұсқасы бойынша қылмыстық жолмен алынған мүлікті жасыруға жол бермеу мақсатында да жүзеге асырылған.
Қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
Ұлттық компаниялардағы жемқорлық дауы
Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталғанын 2026 жылдың 12 қарашасында растаған еді. Сол күні Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешені маңынан АҚШ долларына ұқсас купюралар салынған шабадандар табылғаны туралы хабар тараған еді. Доллар шашылған видео бүкіл желіге тарап, үлкен резонанс туызған. Нұрлан Жақыпов ұсталғаннан кейін «Самұрық-Қазына» қоры мәлімдеме жасап, құқық қорғау органдарына жан-жақты қолдау көрсетіп, тергеуге қажетті ақпарат пен құжаттарды ұсынатынын мәлімдеген. Ізінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді. Президент бұл жағдайды мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық мәселесінің күрделілігін көрсететін оқиға деп бағалады.
Осы оқиғадан кейін Ұлттық қауіпсіздік қызметі «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ басқарма мүшесі Қ. Омарбеков пен өзге де адамдарды ұсталғанын хабарлады.