ҚТЖ-ның тағы бұрынғы үш топ-менеджері ұсталды

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының бұрынғы басшысы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолының» экс-басшысы Елжас Отыншиев ұсталар алдында «ҚТЖ – Жүк тасымалы» компаниясының үш бұрынғы топ-менеджері де ұсталғаны белгілі болды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті олардың сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінгенін растады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ҚТЖ-ның тағы қандай басшылары ұсталды
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 9-10 қараша күндері «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Петров, оның орынбасары Қабылов және серіктестіктің атқарушы директоры – сатып алуды қамтамасыз ету департаментінің директоры Сембай ұсталған.
11 және 12 қарашада сот санкциясымен үш күдікті де екі ай мерзімге қамауға алынған.
– Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, – деп мәлімдеді Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ-дағы жемқорлық дауы
Еске салайық, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Өтыншиевтің ұсталғанын растаған еді. 14 қарашада олардың қамауға алынғаны белгілі болды.
Осылайша, ұлттық компаниялар төңірегіндегі жемқорлық дауына байланысты бұған дейін жария болған екі топ-менеджерден бөлек, «ҚТЖ – Жүк тасымалының» үш бұрынғы басшысы да қамауда отырғаны анықталды.