Режиссер Қуаныш Бейсек отандық маркетинг саласының қазіргі жағдайы мен соңғы жаңалықтар аясында өз ойын бөлісті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Қазақтың болмысын түсінбейтін адамдар шешім қабылдайды»
Оның пікірінше, бүгінгі таңда еліміздегі маркетинг саласы қазақы ұлттық ерекшеліктер мен колоритті толық қамти алмай отыр.
«Қазақстанда көп компанияда жұмыс істейтін маркентинг, PR бойынша шешім қабылдайтын адамдар қазақ тілді немесе қазақ ментелитетті емес. Бұрын мен бейнебаян, жарнама түсірген кезде қазақы нақышта, қазақтың болмысын, өнерін көрсететін идеяларым өтпей қалған, себебі қазақтың болмысын түсінбейтін адамдар шешім қабылдайды. Әлі күнге дейін солай. Жақында 7 days жобасы болды. Оны қазбалай беруге болатын еді: 7 ата, 7 қазына дегендей… Оған бюджеттен қаншама қаражат бөлінді. Қазаққа жақын 10-15 режиссер ғана бар. Бюджет құратын маркетолог, PR маманы ретінде қазақ тілді маманды алған дұрыс», – дейді ол.
Блогер Назим Мисанов көпшілік алдында кешірім сұрады
Еске салсақ, Қазақстандық Shoqan бренді мен оның негізін қалаушы Ұлықбек Шәріповке қатысты дау жаңа сипат алып, Әлеуметтік желідегі сыннан кейін кәсіпкерді қолдаған блогер Назим Мисанов көпшілік алдында кешірім сұраған.
Барлығы Shoqan-ның TikTok желісінде бірнеше ай бұрын жарияланған ескі бейнероликтен басталды. Онда жас жігіт Бораттың образында болған. Бейнежазбаны Threads қолданушылары қайта таратып, брендті қатаң түрде сынады.
Пікір жазғандар Борат бейнесі Қазақстан мен қазақ халқын қорлайтын, ел туралы кемсітуші стереотиптерді насихаттайтынын еске салды.
Shoqan негізін қалаушының салық төлемдері
ADATA және ашық дереккөздерде ЖК Sharipov-тың соңғы төрт жылда бюджетке жалпы 131,1 млн теңге салық төлегені көрсетіледі.
Жылдар бойынша берілген мәліметке сенсек, 2022 жылы кәсіпкер 55,5 мың теңге, 2023 жылы 17,5 млн теңге салық төлеген. 2024 жылы төлем көлемі 25,7 млн теңгеге жетсе, 2026 жылы бюджетке 20,6 млн теңге аударылған.
Көрсетілген кезеңдегі ең жоғары төлем 2024 жылға тиесілі. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 8,2 млн теңгеге немесе 46,8%-ға көп. Ал 2026 жылғы салық төлемі 2024 жылмен салыстырғанда 5,1 млн теңгеге азайған.
Алайда ашық деректердегі сандар өзара сәйкес келмейді. Жылдар бойынша көрсетілген төрт төлемді қосқанда 63,8 млн теңге шығады. Бұл жалпы көрсетілген 131,1 млн теңгеден 67,3 млн теңгеге аз.