ЖаңалықтарПікір

«Қазақ тілін құрметтейтін ер азаматпын»: Блогер пікірі үшін елден кешірім сұрады

Қазақстандық Shoqan бренді мен оның негізін қалаушы Ұлықбек Шәріповке қатысты дау жаңа сипат алды.

Әлеуметтік желідегі сыннан кейін кәсіпкерді қолдаған блогер Назим Мисанов көпшілік алдында кешірім сұрауға мәжбүр болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Дауға Борат бейнесі себеп болды

Барлығы Shoqan-ның TikTok желісінде бірнеше ай бұрын жарияланған ескі бейнероликтен басталды. Онда жас жігіт Бораттың образында болған. Бейнежазбаны Threads қолданушылары қайта таратып, брендті қатаң түрде сынады.

Пікір жазғандар Борат бейнесі Қазақстан мен қазақ халқын қорлайтын, ел туралы кемсітуші стереотиптерді насихаттайтынын еске салды.

Shokan Suits роликтің бірнеше ай бұрын жарияланғанын және кейін өшірілгенін хабарлады. Компания бейнеролик хайп үшін түсірілмегенін әрі оның мақсаты Қазақстанды, қазақ халқын, ұлттық мәдениетті немесе мемлекеттік тілді қорлау болмағанын мәлімдеді.

Бейнеролик ақпан айында жарияланған

Ұлықбек Шәріповтің айтуынша, бейнеролик ақпан айында жарияланған. Instagram-нан көрген бойда оны өшіруге тапсырма бергенімен, TikTok-та қалып қойғанын білмеген.

«Иә, бұл видео қателік болды. Біз оны мойындадық, өшірдік және қорытынды жасадық. Видео ақпан айында жарияланған еді. Instagram-нан көрген сәтте оны өшіруді тапсырдым. Бірақ TikTok-та қалып қойғанын білмедім», – деді кәсіпкер.

Шәріпов қоғамның сынын қабылдайтынын, бірақ бизнесті жабуға шақырулар мен ұйымдасқан қысымды дұрыс емес деп есептейтінін айтты. Оның сөзінше, компания қазақстандық брендті дамытып, жұмыс орындарын ашып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді.

Сонымен бірге кәсіпкер өзіне және компаниясына қарсы ұйымдастырылған жаппай сын мен бизнесті жабуға шақыруларды орынсыз деп бағалады. Оның айтуынша, Shoqan жұмыс орындарын ашып, салық төлейді әрі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ, компания ашқан мектепте әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалардың шамамен 40 пайызы толық грантпен білім алады.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі мұны негізгі мәселеден назарды басқа жаққа аудару әрекеті ретінде қабылдады.

Назим Мисановтың пікірі жаңа дауға ұласты

Фото: Скриншот

Кәсіпкерді қолдаған блогер Назим Мисанов әлеуметтік желіде сын айтқан азаматтарға қатысты ойын жазды. Ол кейбір адамдар ештеңе өндірмесе де, салық төлемесе де өзгелердің жұмысына кедергі келтіруге тырысатыны туралы жазды.

Осы пікірден кейін қоғамның сыны блогердің өзіне бағытталды. Әлеуметтік желілерде Мисановқа қатысы бар жобалар мен мекемелерге бойкот жариялауға шақырған жазбалар тарады.

Блогер кешірім сұрады

Келесі күні Назим Мисанов видеоүндеу жариялап, өзінің жазған пікірін орынсыз болғанын мойындады.

«Қазақ елі, кеше түнде мен өте орынсыз пікір қалдырдым. Мұны толық мойындаймын. Шын жүректен кешірім сұраймын. Мен қазақ халқына, қазақ тіліне ешқашан қарсы болмағанмын. Шаңыраққа қарап, қазақ тілін құрметтейтін ер азаматпын», – деді блогер.

Ол қазақ халқына және қазақ тіліне құрметпен қарайтынын айтып, бірнеше рет кешірім өтінді.

 

Back to top button