Нариман Төреғалиев білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерін азайтуды тапсырды
БҚО мектептерінде биометриялық жүйелер кезең-кезеңімен енгізіледі
Батыс Қазақстан облысында білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған бірқатар шара қабылданады. Оның ішінде мектептерге биометриялық жүйелерді кезең-кезеңімен енгізу және асханаларды жалға беру шарттарын нақтылау көзделген, деп хабарлайды Tizgin.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңір әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі аймақтық комиссияның отырысы өтті.

Жиында білім саласында жүргізілген сыртқы талдаудың қорытындылары, мүдделер қақтығысының алдын алу және мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттыру мәселелері қаралды.
Мектеп асханаларының аумағы қайта есептеледі
Комиссия отырысында білім беру саласындағы сыртқы талдау нәтижесінде берілген ұсыныстардың орындалу барысы талқыланды. Жауапты органдарға жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізу және биометриялық жүйелерді кезең-кезеңімен енгізу міндеті жүктелді.

Сонымен қатар мектеп асханаларына қатысты жалға беру шарттарын қайта қарау тапсырылды. Атап айтқанда, асханалардың нақты пайдаланылатын аумағы анықталып, келісімшарттар сол көлемге сәйкестендірілуі тиіс.
Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары мен заң талаптарын сақтауына да ерекше назар аударылды. Кадрлық шешімдер қабылдау кезінде мүдделер қақтығысына жол бермеу және мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы алдын алу шараларын күшейту қажеттігі айтылды.
Мемлекеттік сатып алуға бақылау күшейеді
Жиында мемлекеттік сатып алу саласындағы бәсекелестікті арттыру, жоспарлау сапасын жақсарту және техникалық ерекшеліктерді әзірлеу кезінде ашықтық қағидаттарын сақтау мәселелері де көтерілді.
Жауапты органдарға сатып алу рәсімдеріндегі ықтимал тәуекелдерді тұрақты бағалау және ішкі бақылау тетіктерін жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Отырыс қорытындысында мемлекеттік органдарға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ерте анықтап, олардың алдын алуға бағытталған жұмысты күшейту тапсырылды. Сондай-ақ белгіленген шаралардың уақтылы әрі толық орындалуын қамтамасыз ету міндеттелді.