$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Қоғам

Миллиардер Айдын Рахымбаев бала шағы өткен үйді жөндеп, мұғалімдерге сыйламақ

Әкесі салған үйге оралу: Рахымбаев қара шаңырағын ұстаздарға жөндеп бермек

Кәсіпкер Айдын Рахымбаев туған ауылы – Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданы Құлынжон ауылында әкесі салған, өзінің балалық шағы өткен үйді қайта сатып алды. Отыз жыл бұрын екі фляга майға сатылған қара шаңырақты енді жөндеп, ауыл мектебінің мұғалімдеріне бермек. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Төрт бөлмеге сыйған тұтас әлем

Кейде тұтас бір балалық шақ төрт бөлменің ішіне сыйып кетеді. Рахымбаев үшін әкесі салған үйдің орны сондай. Осында анасы мен әкесі, әжесі, бауырлары бірге тұрған. Бала күнінде үйі кең, ауладағы ағаштар алып болып көрінетін. Отыз жыл бұрын кәсіпкер ата-анасын қалаға көшіріп әкеткенде, әкесі үйді екі фляга майға сатыпты. Рахымбаевтың өзі мұны үйді сатқаннан гөрі, беріп кеткенге балайды. Жуырда ол ұлын ертіп, туған шаңырағына барған. Бөлмелерді аралап жүрген баласы осыншама адамның шағын үйге қалай сыйғанына таңғалған.

Кәсіпкер сол күндерді былай еске алды.

«Қыста ата-анамыз бұзаулар мен қозылар қорада үсіп қалмасын деп, үйге кіргізетін. Біз оларды төсектеріміздің аяқтарына байлап қоятынбыз. Әрине, олар бізге ұйқы бермейтін. Бірақ сол жылдары көпшіліктің тұрмысы осындай еді. Үйдің сатылатынын естігенде, оны сатып алып, жөндеуді ұйғардық. Онда мен 1989 жылы бітірген Құлынжон ауылы мектебінің мұғалімдері тұратын болады».

Қара шаңырақ ұстаздарға баспана болмақ

Рахымбаевтың жазуынша, өткен аптада ауыл мектебінің жаңа корпусы ашылған. Енді мұғалімдер қатары да көбейетіндіктен, жөнделген үй ұстаздарға қажет болады деп есептейді.

Осылайша, бір кездері өз отбасына пана болған шаңырақ енді ауыл балаларына білім беретін жандардың баспанасына айналмақ.

Кәсіпкердің жадында туған үйі қашанда адамға толы, тіршілігі қайнаған жылы мекен болып қалған. Алдағы ондаған жылда да сол қалпын сақтаса екен дейді.

«Қара шаңырағымыз отбасымызға қызмет етті, енді ұстаздарға, мектепке, ауылға пайдасы тисін. Қайырлы болсын!» – деп жазды Айдын Рахымбаев.

Айдын Рахымбаев жайлы

Айдын Рахымбаев Forbes Kazakhstan рейтингінде былтырғыдан бір саты жоғарылаған. Биыл ол алғаш рет Forbes журналының әлемдік миллиардерлер тізіміне еніп, 1,1 млрд доллар дәулетімен 3185-орынға жайғасты.

Кәсіпкер – BI Group инвестициялық-құрылыс холдингінің акционері. Оның құрамына өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс, әлеуметтік инфрақұрылым салумен айналысатын BI Engineering & Construction, тұрғын үй мен коммерциялық нысандар салатын және жылжымайтын мүлікті басқаратын BI Development, білім беру жобаларын жүзеге асыратын BI Education және тұрғын үй кешендеріне қызмет көрсететін BI Service бөлімшелері кіреді. Топ Қазақстанда, Өзбекстанда, АҚШ пен Біріккен Араб Әмірліктерінде жобалар жүзеге асырып келеді. Былтыр Әзербайжан нарығына шығатынын да жариялады.

2025 жылы холдинг 100-ден астам жобаны аяқтап, 2,4 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берді. Сондай-ақ 204 мың шаршы метр әлеуметтік инфрақұрылым нысанын салды. Жылжымайтын мүлік нарығын бағалауға маманданған Cushman & Wakefield Veritas компаниясының 2025 жылғы дерегіне сәйкес, BI Group пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі бойынша әлемдегі ең ірі девелоперлер қатарына енді.

Айдын Рахымбаев – «Ана үйі» қайырымдылық жобасы мен 230-дан астам кәсіпкер қолдайтын IQanat білім беру жобасының бастамашысы. Екі жоба да Гарвард бизнес мектебінде нақты тәжірибені талдауға арналған оқу кейстеріне арқау болды.

Back to top button