Канье Уэсттің Алматыдағы концерті күні қай көшелер жабылады
14 тамызда көпшілікке Канье Уэст деген атпен танымал америкалық өнер иесі Ye Қазақстанда алғаш рет концерт өткізеді.
Концерт өтуіне байланысты Алматының бірнеше көшесінде көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қай көшелерде қозғалыс шектеледі?
Қалалық әкімдік мәліметінше, 14 тамыз күні сағат 16:00-ден түн ортасына дейін бірқатар көшелерде қозғалыс шектеледі.
Атап айтқанда, шектеу:
- Абай даңғылына;
- Байтұрсынов көшесіне;
- Қаныш Сәтбаев көшесіне;
- Байзақов көшесінің жекелеген учаскелеріне;
- Сейфуллин даңғылының жекелеген учаскелеріне қатысты болады.
Алматы тұрғындарына ескерту
Концертке баратын тұрғындар мен қала қонақтарына жол бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылады.
Сонымен қатар, метро әдеттегі режимде жұмыс істейді, оған шектеу қойылмайды.
Канье Уэсттің концерті үшін «Қайрат» Орталық стадионды босатады
Еске салсақ, бұған дейін ашық ақпарат көздерінде 14 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадионда Канье Уэсттің концерті өтетіні туралы ақпарат тараған болатын. Осыған қатысты «Қайрат» ФК шараның жоспарланған күні клубпен келісілмегенін ресми түрде мәлімдеді.
Осы мәлімдемеден соң Алматыда өтеді деп жоспарланған америкалық рэпер Канье Уэсттің концертіне билет сатылымының басталу мерзімі кейінге шегерілді.
Соңғы ресми мәлімет бойынша, «Қайрат» футбол клубы 14 тамыз күні Канье Уэсттің концерті өтетіндіктен Алматы қаласының Орталық стадионды босатып беретін болды.
Осы концерттің өтуіне байланысты «Қайраттың» үш үй матчы басқа күнге ауыстырылды.