«Қайраттың» мәлімдемесінен соң Канье Уэст концертіне билет сатылымы кейінге қалды
Алматыда өтеді деп жоспарланған америкалық рэпер Канье Уэсттің концертіне билет сатылымының басталу мерзімі кейінге шегерілді. Бұған дейін концерт өтетін алаңға қатысты туындаған жағдайдан соң ұйымдастырушылар «Қайрат» футбол клубының басшылығымен келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Билет сату неге кейінге қалды
Концерт ұйымдастырушылары – First Media Group пен Freedom Holding бірлескен мәлімдеме жасап, қазір бар тараптың мүддесін ескеретін шешім іздестіріліп жатқанын хабарлады.
«Біз үшін де, Қазақстан азаматтары үшін де “Қайрат” – шын жүректен қолдайтын әрі жанкүйер болатын команда. Сондықтан қазір барлық тараптың мүддесін ескеретін ең оңтайлы шешімді табу үшін клуб басшылығымен сындарлы диалог жүргізіп жатырмыз», – делінген хабарламада.
Билет сатылымы қашан басталады
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, алдын ала билет сатылымы 21 шілде күні сағат 12:00-де басталады.
21-22 шілде аралығында Freedom SuperApp пайдаланушылары шектеулі мөлшердегі билеттерді эксклюзивті алдын ала сатылым арқылы сатып ала алады. Ал 23 шілдеден бастап билет сатылымы барлық көрермен үшін ашылады. Билеттерді Freedom SuperApp қосымшасы мен Ticketon.kz платформасы арқылы сатып алуға болады.
Концерт күні өзгерген жоқ
Ұйымдастырушылар концерттің өтетін күні мен орны өзгеріссіз қалатынын атап өтті. Қазіргі жоспар бойынша Канье Уэсттің концерті 14 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Сондай-ақ First Media Group пен Freedom Holding көрермендерге түсіністік танытқаны үшін алғыс айтып, келіссөздердің нәтижесі мен ықтимал өзгерістер туралы қосымша ақпаратты уақытылы жариялайтынын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін «Қайрат» футбол клубы 14 тамыз күні Орталық стадионда концерт өткізуге қатысты алаңдаушылық білдіріп, дәл осы кезеңде команданың Қазақстан чемпионаты мен еурокубок аясындағы матчтары жоспарланғанын хабарлаған болатын.
“Қайраттың” мәлімдемесі
Бұған дейін ашық ақпарат көздерінде 14 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадионда Канье Уэсттің концерті өтетіні туралы ақпарат тараған болатын. Осыған қатысты «Қайрат» ФК шараның жоспарланған күні клубпен келісілмегенін ресми түрде мәлімдеді. Команда Қазақстан Премьер-лигасының күнтізбесіне сәйкес, «Қайрат» 8 және 15 тамыз күндері Орталық стадионда Қазақстан чемпионаты аясындағы өз алаңындағы матчтарын өткізуге тиіс екенін ескерткен еді.