«Қайрат» футбол клубы Канье Уэсттің «Алматыда өтеді» деген концертіне қарсы шықты
Дәл осы стадионда «Қайрат» өз алаңындағы матчын өткізеді.
Бұған дейін ашық ақпарат көздерінде 14 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадионда Канье Уэсттің концерті өтетіні туралы ақпарат тараған болатын. Осыған қатысты «Қайрат» ФК шараның жоспарланған күні клубпен келісілмегенін ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Дәл осы стадионда «Қайрат» өз алаңындағы матчын өткізеді және қазір еурокубок жарыстарындағы өнерін жалғастырып жатыр. Қазақстан Премьер-лигасының күнтізбесіне сәйкес, «Қайрат» 8 және 15 тамыз күндері Орталық стадионда Қазақстан чемпионаты аясындағы өз алаңындағы матчтарын өткізуге тиіс. Сонымен қатар 11–13 тамыз аралығында клубтың еурокубоктағы әлеуетті өз алаңындағы кездесуі өтуі мүмкін», деп жазылған «Қайрат» ФК ресми аккаунтындағы хабарламада.
Ол жерде мұндай ауқымды концертті өткізу сахна мен техникалық жабдықтарды ұзақ уақыт бойы орнатуды және бөлшектеуді талап ететіні,сондай-ақ бұл футбол алаңы мен стадион инфрақұрылымына едәуір жүктеме түсіретіні жазылған.
«Тығыз спорт күнтізбесі жағдайында мұның барлығы алаң сапасына, стадионды ресми матчтарға дайындау процесіне, белгіленген талаптарға сай ойындарды өткізу мүмкіндігіне әсер етуі ықтимал. «Қайрат» ФК Орталық стадионда кез келген бұқаралық шараны өткізу бекітілген футбол күнтізбесін міндетті түрде ескере отырып және барлық мүдделі тараппен келісілгеннен кейін ғана жүзеге асырылуға тиіс екенін атап өтеді. Тиісті келісім толық аяқталғанға дейін клуб 14 тамыз күні өтеді деп жоспарланған концерттің Орталық стадионда ұйымдастырылатыны туралы ақпаратты жариялауды ерте деп санайды», – деп жазылған хабарламада.