$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
ЖаңалықтарСпорт

Канье Уэсттің концерті: «Қайраттың» үш үй матчы басқа күнге ауыстырылды

Америкалық рэпер Канье Уэсттің концертіне байланысты бұған дейін бір матч кейінге шегерілген болатын.

Енді «Қайрат» футбол клубы Премьер-лигадағы алдағы үш үй матчының өтетін орны мен уақытын өзгерткенін клубтың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Өзгерістер мына матчтарға қатысты:

  • «Қайрат» – «Жеңіс» (8 тамыз, 21-тур) – матч кейінге шегерілді, жаңа күні кейінірек хабарланады;
  • «Қайрат» – «Ұлытау» (15 тамыз, 9-тур) – ойын Тимур Сегізбаев атындағы «Қайрат» футбол академиясының алаңында өтеді;
  • «Қайрат» – «Ертіс» (22 тамыз, 23-тур) – Құрылтай сайлауының өтуіне байланысты кейінге шегерілді. Жаңа күні қосымша жарияланады.

«Бұл өзгерістер Алматы қаласындағы Орталық стадионда жаппай іс-шараның өткізілуіне, сондай-ақ нысанда кейін жүргізілетін техникалық жұмыстарға байланысты енгізілді», – деп жазылған клуб хабарламасында.

Бұған дейін ашық ақпарат көздерінде 14 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадионда Канье Уэсттің концерті өтетіні туралы ақпарат тараған болатын. Осыған қатысты «Қайрат» ФК шараның жоспарланған күні клубпен келісілмегенін ресми түрде мәлімдеді.

Осы мәлімдемеден соң Алматыда өтеді деп жоспарланған америкалық рэпер Канье Уэсттің концертіне билет сатылымының басталу мерзімі кейінге шегерілді.

Соңғы ресми мәлімет бойынша, «Қайрат» футбол клубы 14 тамыз күні Канье Уэсттің концерті өтетіндіктен Алматы қаласының Орталық стадионды босатып беретін болды.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button