Жаңалықтар
Жалпы қарыз 8 жылдық табыстан аспауы тиіс: несие алу қиындай түседі
Ұлттық банк қазақстандықтардың шамадан тыс қарызға батып кетпеуі үшін жаңа шектеу енгізбек, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Егер жаңа ереже қабылданса, 2027 жылдан бастап адамның барлық несиесі мен қарызы оның 8 жылдық табысынан аспауы керек. Яғни банк енді несие бергенде адамның табысына қаттырақ қарайды.
Мысалы, азамат айына 300 мың теңге табыс тапса, оның бір жылдық табысы — 3,6 млн теңге болады. Ал 8 жылдық табысы шамамен 28,8 млн теңге. Демек, адамның барлық несиесінің жалпы сомасы осы көлемнен аспауы керек.
Бұл талап барлық несие мен микрокредитке қатысты болады. Ұлттық банк осылайша халықтың төлем қабілетін бақылап, қарыз мәселесін азайтуды көздеп отыр.
Ал қазір қолданылып жүрген ай сайынғы төлем жүктемесіне қатысты шектеу өзгермейді.