“ЕАЭО-ның ақыры – осы болуы мүмкін”: Пашинян өткір мәлімдеме жасады
Армения экономикалық одақ іс жүзінде жұмыс істемейтінін айтты

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) тетіктері іс жүзінде жұмысын тоқтатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Minval басылымына сілтеме жасап.
Пашинян не дейді
Пашинян Арменияның еуроинтеграция жолымен жүруге ниетті екенін, алайда қазіргі келіспеушіліктерге қарамастан ЕАЭО құрамынан шығуды жоспарламайтынын айтты. Оның сөзінше, қазір ЕАЭО-ның тетіктері іс жүзінде жұмыс істемейді.
«Бұл – Арменияның мәселесі емес, бұл – дәл ЕАЭО тетіктерінің мәселесі. Соның салдарынан ЕАЭО сал күйде жұмыс істемей отыр», – деді Пашинян одақ нарығында армян тауарларына қойылған шектеулерге қатысты жағдайды түсіндіре отырып.
Ол сондай-ақ, егер туындаған мәселелер жедел түрде шешілмесе, бұл бірлестік үшін елеулі салдарға әкелуі мүмкін екенін айтты.
«Егер бұл мәселе дер кезінде және жедел шешілмесе, меніңше, бұл ЕАЭО-ның ақырының бастамасы болуы мүмкін», – деді Пашинян.
Сондай-ақ ол Ресей президенті Владимир Путиннің өзін Армения премьер-министрі қызметіне қайта сайлануымен құттықтамағанын мәлімдеді.
Армения ЕАЭО-дан шығу жайлы айта бастады
Армения билігі Ресей экспорттайтын газ бағасына қатысты пікірталас күшейген тұста Еуразиялық экономикалық одақтан шығу мәселесін көтерген еді. Биыл 4 сәуірде парламент спикері Ален Симонян журналистермен кездесуде:
“Егер газ бағасы көтерілсе, біз ЕАЭО мен ҰҚШҰ-дан шығу процедурасын бастауымыз мүмкін”, – деп мәлімдеді.
DolceVelle-нің жазуынша, Армения парламентінің басшысы Ресеймен өткен екіжақты келіссөзді «өте табысты» деп бағалап, шын мәнінде Ресей газының бағасы өсуі екіталай екенін айтқан.