Аудиторлар Қорғаныс министрлігіне бөлінген қаражат қалай жұмсалғанын тексеруге кірісті
Жоғары аудиторлық палата Қорғаныс министрлігінде мемлекеттік аудит жүргізуді бастады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бюджет қаржысының жұмсалуы тексеріледі
Аудиттің басталғаны туралы Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі мәлімдеді. Тексерудің негізгі бағыттарының бірі – Қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігін бағалау.
«Жоғары аудиторлық палатасы Қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне, сондай-ақ әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне мемлекеттік аудит жүргізуді бастады», – делінген хабарламада.
Әскери бөлімдердің жабдықталуы да назарда
Аудит аясында әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі де тексеріледі. Осылайша, тексеру министрліктің бюджет шығындарымен қатар, әскери бөлімдерді қажетті ресурстармен қамтамасыз ету мәселелерін қамтиды.
Каспийдегі трагедия
24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 25 күні таңертең соңғы екі әскери қызметкердің денесі табылды.
Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрды.