$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
TOP-1Жаңалықтар

Тоқаев Қорғаныс министрлігін кешенді тексеруді тапсырды

Тоқаев Қорғаныс министрлігін тексерудің алғашқы нәтижелерін жеті күнде баяндауды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құру туралы өкімге қол қойды. Комиссияны Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева басқарады. Алғашқы нәтижелер жеті күн ішінде баяндалуға тиіс, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қаржы мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету тексеріледі

26 қыркүйекте қол қойылған өкімге сәйкес, комиссия Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды жан-жақты зерделейді. Соның ішінде әскери бөлімшелердің қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі тексеріледі.

Комиссия төрағасының орынбасары болып Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов тағайындалды. Оның құрамына Президент Әкімшілігі, Қауіпсіздік Кеңесі, қаржы және құқық қорғау органдарының өкілдері енді.

Комиссия құрамына кімдер кірді?

Аида Балаева мен Әлихан Смайыловтан бөлек, комиссия құрамында мына лауазымды тұлғалар бар:

  • Ержан Жиенбаев – Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары;
  • Жанат Элиманов – Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы;
  • Мұрат Баймұқашев – Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының басшысы;
  • Мәди Такиев – Қаржы министрі;
  • Жандос Өмірәлиев – Бас прокурордың бірінші орынбасары;
  • Әли Алтынбаев – Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары;
  • Азамат Әмрин – Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.

Мемлекет басшысы комиссияға атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелерін жеті күн ішінде баяндауды тапсырды. Ал тексерісті толық аяқтау мерзімі өкімде көрсетілмеген.

Өкім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

Back to top button