TOP-1Тергеу

Күдікті лауазымды тұлғалар анықталды – Бас прокуратура Каспийдегі трагедия жайлы

Бас прокуратура Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қазасына байланысты тергеу жалғасып жатқанын хабарлап, күдіктілер анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

“Қызметке салғырт қарады деп күдік келтірілген, сондай-ақ метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау мен қажетті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етпеген, құтқару жұмыстарын тиісінше ұйымдастырмаған, соның салдарынан адамдардың қаза болуына әкеп соққан лауазымды тұлғалар анықталды. Тергеу барлық күдіктінің әрекеттеріне толық құқықтық баға беріп, оларға қатысты процестік шаралар қабылдайды” деп жазылған БП хабарламасында.

Ведомствоның айтуынша, 30-дан астам әскери қызметкерден жауап алынған, 12 сараптама тағайындалған. Құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленген.

Каспийдегі трагедия

24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button