Каспийдегі трагедия: тергеу екі бап бойынша жүріп жатыр
Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты тергеу қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл туралы үкіметтік комиссия отырысының қорытындысы бойынша белгілі болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Комиссия отырысында айтылған мәліметке сәйкес, қызметке салғырт қарау бабымен бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал кеме жүргізу қағидаларын бұзғаны үшін жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Оқиғадан кейін медициналық мекемеге жеткізілген әскери қызметшінің жағдайы тұрақты. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетіледі
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мемлекет қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсететінін атап өтті.
Халық кеңесінің мүшелері де көмек көрсетуге ниетті екенін мәлімдеді. Кеңес мүшелерінің бірі қаза тапқан әр әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңгеден бөлген.
Ірі бизнес өкілдері де марқұмдардың отбасыларына көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.
Каспийдегі трагедия
24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.