TOP-2

«Арасында Қытай азаматтары да бар»: ШҚО-да заңсыз алтын өндіргендер ұсталды

Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданындағы Ақбұлақ ауылы маңында тиісті рұқсат құжаттарынсыз алтын өндірілгені анықталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Өзен арнасы өзгерген»

Ресми ақпаратты Қаржылық мониторинг агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті бөлісті. Олар Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті және прокуратурамен бірлесіп, заңсыз әрекетті тоқтатқан.

«Құрамында алтыны бар кенді заңсыз өндіру және өңдеу салдарынан қоршаған ортаға елеулі залал келтірілді. Атап айтқанда, топырақтың құнарлы қабаты бүлініп, жер бедерінің табиғи құрылымы бұзылып, өзен арнасы өзгертілген», – деді ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.

Заңсыз жұмыстар жалпы аумағы 30 гектар жер учаскесінде ауыр арнайы техника мен өндірістік кешендерді пайдалану арқылы жүргізілген.

Екі өндірістік кешен тәркіленді

Ресми ақпаратқа сенсек, заңсыз қызметке 30-дан астам адам, оның ішінде Қытай Халық Республикасының азаматтары тартылған.

«Тінту барысында алты 40 тонналық жүк көлігі, төрт шынжыр табанды экскаватор, бір тиегіш, сондай-ақ құрамында алтыны бар кенді өндіруге және жууға арналған екі өндірістік кешен тәркіленді», – делінген мәліметте.

Тергеу жалғасып жатыр.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Back to top button