Ақтөбеде ауладағы футбол қақпасы баланың үстіне құлап кетті. Куәгерлердің айтуынша, қақпа жерге нық бекімеген. Аталған факті бойынша полиция тіркеу жүргізді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оқиға туралы Instagram желісіндегі aktobe_zello жергілікті паблигі хабарлады. Парақшада оқиға орнынан түсірілген кадрлар жарияланған. Онда дәрігерлердің балаға алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатқаны көрінеді.
Хабарламада бұл жағдай қаланың 12-шағынауданында болғаны айтылған. Сондай-ақ куәгерлердің сөзінше, баланың үстіне құлаған футбол қақпасы бекітілмеген болған.
Оқиғаға қатысты Ақтөбе облыстық полиция департаменті пікір білдірді.
«Аталған факті қылмыстық кодексінің 306-бабы бойынша тіркелді. Футбол алаңының салынуы мен оған қызмет көрсетуге байланысты мән-жайлар Ақтөбе қаласы әкімдігінің ТКШ бөлімі арқылы анықталып жатыр», – деп мәлімдеді ведомство.