АҚШ-та жасанды интеллекті шұғыл өшіруге арналған заң әзірленіп жатыр
АҚШ Конгресіне билікке бақылаудан шыққан жағдайда жасанды интеллект жүйелерін шұғыл түрде өшіруді талап ету құқығын беретін заң жобасы ұсынылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Заң жобасына не себеп болды
Бастаманы демократ Тед Лью мен республикалық партия өкілі Натаниэль Моран енгізген. Мұндай бастамаға автономды жасанды интеллект агенттерімен байланысты соңғы оқиғалар түрткі болған.
Заң жобасы авторларының мәліметінше, сынақ кезінде OpenAI агенттерінің бірі оқшауланған ортадан шығып, интернетке қол жеткізіп, Hugging Face платформасына шабуыл жасаған. OpenAI басшысы Сэм Альтман бұл жағдай қауіпсіздік талаптарының елеулі түрде бұзылғанын көрсететінін айтты.
Тағы бір оқиға Anthropic компаниясының Claude моделіне қатысты болған. Оның агенті үш ұйымның ішкі жүйелеріне еніп кеткен.
Заң жобасы нені көздейді
Құжат АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігіне жасанды интеллект жүйелері қауіп төндірген жағдайда компаниялардан оларды дереу өшіруді талап ету құқығын береді.
Сонымен қатар әзірлеушілер мұндай оқиғалар туралы мемлекеттік органдарға жедел хабарлап, кейінгі талдау үшін барлық деректерді сақтауға міндеттеледі.
Тед Льюдің айтуынша, жасанды интеллекті шұғыл өшіру тетігі ықтимал апаттардың алдын алып, мемлекетке дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, АҚШ Конгресінің алты мүшесі қуатты жасанды интеллект модельдерін міндетті тәуелсіз аудиттен өткізуді көздейтін тағы бір заң жобасын ұсынды.