TOP-2Жаңалықтар

396 млн теңге пара алды деп сотталған экс-әкім Көкірекбаев түрмеден шыға алмай қалды

Алматы облыстық соты Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, 12 жылға бас бостандығынан айырылған Кәрім Көкірекбаевты денсаулығына байланысты жазадан босату туралы қаулының күшін жойды. Апелляциялық саты бірінші инстанция сотының шешімінен заң талаптарының өрескел бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Алатау қалалық сотының Кәрім Көкірекбаевты ауыр сырқатына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы қаулысын апелляциялық тәртіппен қараған. Сотта бірінші инстанция соты бұрынғы шенеуніктің денсаулық жағдайын жазадан босатуға жеткілікті негіз деп танығанын анықтаған. Алайда апелляциялық сот Көкірекбаевтың ауруы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы № ҚР ДСМ-58 бұйрығымен бекітілген жазасын өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмейтінін анықтаған. Осыған байланысты облыстық сот Алатау қалалық сотының қаулысын бұзып, ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №57 мекемесі әкімшілігінің Көкірекбаевты жазадан босату туралы ұсынуын қанағаттандырудан бас тартты.

Сонымен қатар сот Алматы облысының прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне жеке қаулы шығарды. Бұған бірінші инстанцияда прокурор мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі өкілінің сотталған адамды жазадан босату қажеттігі жөнінде негізсіз қорытынды беруі себеп болған. Денсаулық сақтау министрлігіне де жеке қаулы жолданды. Ведомство Көкірекбаевтың жазасын өтеуіне кедергі келтіретін ауруы бар деген негізсіз қорытынды жасаған арнайы медициналық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарауы тиіс.

Апелляциялық соттың қаулысы мен жеке қаулылары заңды күшіне енді.

Көкірекбаев не үшін сотталған

Бұған дейін, 2026 жылғы 17 қарашада, Алматы облысының Алатау қалалық соты №57 мекеме әкімшілігінің ұсынуын қанағаттандырып, Кәрім Көкірекбаевты ауыр сырқатына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы шешім қабылдаған еді. Алайда Алматы облысының прокуратурасы бұл шешіммен келіспей, оның күшін жою жөнінде жеке өтінішхат енгізген.

Кәрім Көкірекбаев бұған дейін Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарған. Сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында басшылық қызметте болып, кейін «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесін басқарған. 2025 жылғы шілдеде сот оны аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырған

Back to top button