Тергеу

Ұзақ уақыт араздасқан – полиция 4 кісінің өліміне жеткізген істің мән-жайын ашты

Атырау облысындағы Жангелдин ауылынан жоғалған отбасының ісі бойынша аса ауыр қылмыс әшкереленді, деп хабарлайды Tizgin.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

ТЕРГЕУ БАСТАЛДЫ

Былтыр желтоқсан айында полицияға 66 жастағы ер адам, 64 жастағы әйел және олардың 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының хабар-ошарсыз кеткені туралы мәлімет түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпады, олардың қайда екені белгісіз болған.

Төртеуі де ресми түрде із-түзсіз жоғалғандар тізіміне енгізіліп, осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Істі тергеу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.

Өткен жылы желтоқсан айының соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға жүгініп, ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыттан бері байланысқа шықпай отырғанын хабарлады. Жүргізілген жедел-тергеу шаралары нәтижесінде көз жұмғандардың мәйіттері әртүрлі жерге көмілген күйде табылды, – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІЗДЕУДЕ БОЛДЫ

6 қаңтар күні жүргізілген тергеу әрекеттері кезінде үйлердің бірінің шаруашылық қорасынан отбасының әкесі мен анасының мәйіттері табылған. Осыдан кейін іс адам өлтіру бабы бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасты.

Кейінірек ылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адам – ажал құшқан отбасының бұрынғы күйеу баласы халықаралық іздеуге жарияланды. Онымен бірге марқұм ерлі-зайыптылардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.

Ішкі істер министрлігі қызметкерлері Индонезия еліндегі әріптестерімен бірлескен іс-қимыл нәтижесінде аталған елдің аралдарының бірінде Атырау облысында болған резонансты отбасын өлтіру ісіне күдіктіні ұстады. Қазір ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Қанат Нұрмағамбетов.

ШЕТЕЛДЕ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Күдікті Индонезия аумағында қолға түскен. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеу тобы қосымша тергеу жүргізген. Соның нәтижесінде Атырау қаласындағы үйдің ауласынан бұған дейін із-түзсіз жоғалғандар санатында болған ұл мен қыздың мәйіттері табылған.

Төрт адамның өліміне ұзаққа созылған араздасулар себеп болды. Іс екі немесе одан да көп адамды өлтіру бабымен тергеліп жатыр және министрліктің тікелей бақылауында, – деді Нұрмағамбетов.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Сондай-ақ отбасының кенже қызының да қылмысқа қатысы болуы мүмкін екені тексерілуде. Оның психикалық жағдайын анықтау қажеттілігіне байланысты сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін медициналық мекемеге жіберілген.

 

Back to top button