Жаңалықтар

Шымкентте Нұрай Серікбай туралы даулы пікір жазған адамға айыппұл салынды

Ер адаммен профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Шымкентте Нұрай Серікбайға қатысты даулы пікір қалдырған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

86 500 теңге айыппұл салынды

Полиция мәліметінше, осы факті бойынша жүргізілген тексеру нәтижесінде Шымкент қаласының 37 жастағы тұрғыны анықталған.

Аталған азамат ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша – құқыққа қайшы контентті орналастыру және тарату фактісі үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұл бапқа сәйкес, оған 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар, ер адаммен профилактикалық әңгіме өткізіліп, мұндай құқық бұзушылықтарға жол бермеу және заң талаптарын сақтау қажеттігі түсіндірілді.

Даулы пікір қалай пайда болды?

Бұған дейін TikTok желісінде Нұрай Серікбайдың өлімі туралы видеоның астына «Мен болсам 72 рет пышақ сұғар едім» деген пікір жазылған болатын.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл сөзді марқұм қызға бағытталған пікір деп қабылдаған. Тергеу мәліметінше, Нұрай Серікбайға 36 пышақ жарақаты салынған.

Пікір иесі кешірім сұрады

Кейін Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан мен отбасының адвокаты Аянхан Омаров пікір авторының кешірім сұраған видеосын жариялады.

Ер адамның айтуынша, оның пікірі қаза тапқан қызға емес, оны өлтірді деп айыпталып отырған сотталушыға бағытталған.

«Менің пікірім Нұрай Серікбайға емес, айыпталушыға қатысты жазылған. Мен ешқашан қылмысты да, қылмыскерлерді де қолдаған емеспін», – деді ол.

Back to top button