
Адвокат Аянхан Омаров (Нұрай Серікбайдың туған-туыстарының құқығын қорғайтын) кісі қолынан өлген Нұрай Серікбай жайлы ауыр сөз жазған адам ұсталғанын хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
Бүгін жариялаған арызы бойынша жаңалық барын адвокат желіде хабарлады.
“Нұрайға қатысты: «72 рет пышақ тығар едім» деп жария түрде пікір қалдырған @dkraken9 аккаунтының иесі полиция қызметкерлерімен анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта мен жәбірленуші тараптың өкілі ретінде Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбаймен бірге полицияға бара жатырмын. Істің әрі қарайғы барысы туралы қосымша ақпарат беремін”, – деп жазды ол.
Нұрай ісі
Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оған қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені хабарланған.
16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы жұмысынан босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Нұрайды өлтірді деген күдікті бірнеше күн қашып жүріп, ұсталған. Күдіктіге үш айып тағылған.