Нұрай жайлы жазбаға “72 рет пышақ тығар едім” деп жазған желі қолданушысы кешірім сұрады
Пікір иесіне айыппұл салынды
Нұрай Серікбай жайлы жазбалардың біріне “72 рет пышақ тығар едім” деп жазған желі қолданушысы әкімшілік жазаға тартылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл туралы жәбірленушілердің адвокаты Аянхан Омаров айтты. Оның сөзінше, әкімшілік кодекстің 456 бабы бойынша құқықбұзушыға қатысты хаттама толтырылған. Осылайша, пікір иесіне 86500 теңге мөлшерінде айыппұл салынған.
“Менің есімім Дәурен болады. Тикток желісін пайдаланушымын. “72 рет пышақтаймын” деп Тиктокта пікір жазған едім. Бірақ мен ол жерде Нұрай туралы жазбағанмын. Ол жерде маған сұрақ қойылды. “Егер қыз баласын 36 рет пышақтап кетсе, сен не істер едің?” деді. Мен сол кезде “қылмыскерді 72 рет пышақтаймын” деген оймен жазған болатынмын. Мен жалпы Қазақстан Республикасының азаматы ретінде қылмысты, қылмыскерді ешқашан қолдаған емеспін, қолдамаймын да. Нұрайдың отбасына ауыр тиген болса, мен кешірім сұраймын. Арам, жаман ойым болған емес. Мен сол жерде қылмыскер адамға қатысты ойымды жазған болатынмын. Алдағы уақытта, құрметті желі қолданушылары пікір жазған кезде ауыр нәрселерді жазбауды сұраймын”, – деп жазды желі қолданушысы.
Нұрай жайлы не жазылды
Бұған дейін адвокат Аянхан Омаров (Нұрай Серікбайдың туған-туыстарының құқығын қорғайтын) кісі қолынан өлген Нұрай Серікбай жайлы ауыр сөз жазған адам ұсталғанын хабарлаған еді. Ол Нұрайға қатысты «72 рет пышақ тығар едім» деп жария түрде пікір қалдырған @dkraken9 аккаунт иесін полиция қызметкерлері ұстағанын мәлім еткен.
Нұрай ісі
Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оған қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені хабарланған.
16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы жұмысынан босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Нұрайды өлтірді деген күдікті бірнеше күн қашып жүріп, ұсталған. Күдіктіге үш айып тағылған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram