TOP-2Жаңалықтар

Ресейдің сұрауымен Астанада ұсталған Украина азаматы босатылды

Қазақстанда Ресейдің сұрауы бойынша ұсталған Украина азаматы Любовь Рожанская босатылып, Еуроодақ елдерінің біріне кеткен. Бұл туралы оның адвокаты Алексей Прянишников Deutsche Welle басылымына хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.

Рожанская қалай босатылды

Адвокаттың айтуынша, Рожанская ұсталғаннан кейін үш тәулік ішінде Қазақстан соты оған қатысты бұлтартпау шарасын белгілеуге тиіс болған. Алайда мұндай шешім қабылданбағандықтан, әйел тергеу изоляторынан босатылған. Кейін ол Қазақстаннан кеткен. Прянишников бұл жөнінде 8 қазанда хабарлаған.  Рожанскаяның босатылуына Украинаның сыртқы істер министрлігі мен адам құқықтары жөніндегі уәкіл Дмитрий Лубинец күш салған. Бұған дейін адвокат Қазақстан мен Украина оның жағдайына қатысты конструктивті диалог жүргізіп жатқанын айтқан.

DW мәліметінше, Ресейдің Рожанскаяны экстрадициялау жөніндегі сұрауы қайтарып алынбаған. Оның қазір Еуроодақтың нақты қай елінде жүргені жарияланған жоқ.

Немересін алып кетуге келгенде ұсталған

Любовь Рожанская 1 қазанда Стамбұлдан Астанаға келгеннен кейін әуежайдағы шекаралық бақылау кезінде ұсталған. Ол Ресейден жеткізілуге тиіс немересін алып, Украинаға қайтармақ болған. Ресей тарапы оны бала ұрлауға әрекеттенді деген күдікпен іздестірген. Жарияланған деректерге қарағанда, баланың анасы Алла Андреева 2021 жылы ұлымен бірге Одессадан Калининград облысына, екінші күйеуінің туыстарына барған және сонда қалған. Кейін анасы мен баласы Ресей азаматтығын алған.

Баланың әкесі Украина соттарына жүгінген. 2025 жылғы наурызда Украина Жоғарғы соты баланың тұрғылықты жерін әкесі тұратын Одесса қаласы деп белгілеген. Адвокаттың сөзінше, 2026 жылдың жазында баланың өгей әкесі мен оның әкесі Рожанскаяға хабарласып, немересін беруді ұсынған. Келісім бойынша баланы Астанаға жеткізу жоспарланған. Алайда немересі келмеген, ал оны алып кетуге барған әжесі ұсталған.

Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко бұған дейін Рожанская өз ұлының — баланың әкесінің ресми өкілі ретінде әрекет еткенін мәлімдеген. Елшілік Қазақстан тарапына жүгініп, әйелді босатуды сұраған және оны Ресейге беруге қарсы болған.

Back to top button