Ресей Украинадағы соғыста қанша сарбазынан айырылды – Росстаттың құпия деректері тарады
Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды соғысns бастағалы бері кемінде 490 334 ресейлік әскери қызметкер қаза тапқан. Бұған қоса, Ресей жағында соғысқан мыңдаған шетел азаматының мерт болғаны анықталды. Мұндай мәлімет Ресейдің Федералдық мемлекеттік статистика қызметінің (Росстат) сыртқа шыққан деректерін зерттеу нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайдыBBC-дің орыс қызметі7
BBC мен «Медиазона» журналистері Росстат жүйесінен алынған 11 миллионнан астам өлім туралы жазбаны талдап, Ресейдің Украинадағы әскери шығынына қатысты бұрын жарияланбаған мәліметтерді анықтаған. Зерттеу 2021 жылдан 2026 жылдың қыркүйегіне дейінгі кезеңді қамтиды. Журналистердің пайымдауынша, анықталған 490 мыңнан астам адам – соғыста қаза тапқан ресейлік әскерилердің ең төменгі көрсеткіші ғана. Нақты шығын бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Росстаттың құпия деректері қалай сыртқа шықты
BBC мәліметінше, Ресейдің мемлекеттік статистика жүйесіндегі деректер «Киберпартизаны BY» және Silent Crow хакерлік топтарының кибершабуылынан кейін журналистердің қолына түскен. Росстат кибершабуыл жасалғанын растағанымен, ақпараттың сыртқа шыққанын жоққа шығарды.
Журналистер алынған мәліметтердің шынайылығын бірнеше тәсілмен тексерген. Атап айтқанда, Росстаттың бұрын жарияланған ресми статистикасымен салыстырғанда, 2021 жылғы өлім көрсеткіштеріндегі айырмашылық небәрі 0,1%, 2022 жылы 0,2%, ал 2023 жылы 1% болған. Сонымен қатар BBC мен «Медиазона» ашық дереккөздер арқылы анықтаған қаза тапқан әскерилер тізімін мемлекеттік базамен салыстырғанда, мәліметтердің 90%-ы сәйкес келген.
Зерттеу барысында әскери іс-қимылдар салдарынан қаза тапқаны тікелей көрсетілген 425 174 адамның дерегі анықталған. Бұған қоса, әскери қызметі мен жарақаттарының сипаты арқылы соғысқа қатысы расталған 14 093 адамның өлімі есепке алынған. Тағы 51 067 адам сот шешімімен қайтыс болды деп танылған. Олардың басым бөлігі ұрыс даласында хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметкерлер болуы мүмкін. Осылайша, журналистер Ресейдің Украинадағы соғыстағы адам шығынын кемінде 490 334 адам деп бағалап отыр.
Соғыста ең көп шығынға ұшыраған өңірлер мен жас санаттары
Зерттеу Ресейдің әр өңіріндегі әскери шығын біркелкі емес екенін көрсетті. BBC мен «Медиазона» жинаған мәліметтерге сәйкес, Тыва, Бурятия және Забайкалье өлкесінен соғысқа аттанған ер адамдардың қаза табу ықтималдығы Мәскеу мен Санкт-Петербург тұрғындарымен салыстырғанда 20–25 есе жоғары.
Соғыс Ресейдегі ер адамдар өлімінің жалпы құрылымына да айтарлықтай әсер еткен. Росстат деректеріне сәйкес, 2025 жылы қайтыс болған 18–24 жас аралығындағы ер адамдардың 65%-ының өлімі әскери іс-қимылдармен немесе оның салдарымен байланысты болған. Ал 25–34 жас аралығындағы ер адамдар арасында бұл көрсеткіш 59%-ға жеткен. 45–54 жастағылар арасында соғысқа байланысты өлім жүрек-қантамыр жүйесі ауруларынан кейінгі екінші орынға шыққан.
Қаза тапқан әскерилердің орташа жасы да өзгерген. 2022 жылы бұл көрсеткіш 34 жас болса, 2025 жылы 40 жасқа дейін өскен. Журналистер мұны майданға жұмылдырылған азаматтар мен бұрын сотталған адамдардың көптеп тартылуымен байланыстырады.
Зерттеуде қаза тапқан әскерилердің өлімін ресми тіркеу айтарлықтай кешігіп жатқаны да айтылған. Мәселен, 2025 жылы әскери қызметкер қаза тапқан сәттен оның денесі табылғанға дейін орта есеппен 150 күн, ал өлімін құжат жүзінде рәсімдеуге 236 күн кеткен. 2026 жылдың тамыз айында ғана Росстат базасына 2025 жылы қаза тапқан 2 500-ден астам адамның дерегі енгізілген. Сондықтан 2026 жылғы шығын туралы мәліметтер әлі толық емес.
Нақты шығын 670 мың адамға жетуі мүмкін
BBC зерттеуінде Ресей жағында соғысқан шетел азаматтарының шығынына да назар аударылған. Росстат базасында кемінде 5 017 шетелдіктің қаза тапқаны тіркелген. Олардың арасында Өзбекстанның 1 031, Тәжікстанның 720, Колумбияның 133 және Кубаның 66 азаматы бар.
Алайда бұл деректер барлық шетелдік жауынгерді қамтымайды. Мәселен, Росстат базасында Солтүстік Корея әскери қызметкерлерінің қаза тапқаны туралы мәлімет жоқ. BBC бұған дейін Курск облысындағы ұрыстарда мерт болған 2 304 солтүстіккореялық әскери қызметкердің аты-жөнін анықтаған. Осы және өзге де мәліметтерді ескерген журналистер Ресей жағында соғысқан кемінде 7 421 шетел азаматының қаза тапқанын хабарлады.
BBC мен «Медиазона» ашық дереккөздер негізінде 290 012 ресейлік әскери қызметкердің қаза тапқанын аты-жөнімен растаған. Әскери сарапшылардың бағалауынша, мұндай тізім нақты шығынның шамамен 45–55%-ын ғана қамтуы мүмкін. Осы есепке сүйенген журналистер Ресейдің адам шығыны 527 295-тен 644 471-ге дейін жетуі ықтимал деген қорытындыға келген.
Ал Ресей жағында соғысқан Донецк пен Луганскідегі қарулы құрылымдардың бұрынғы мүшелерін және Солтүстік Корея әскери қызметкерлерін қосқанда, 2026 жылдың қараша айының соңына қарай Ресей жағындағы күштердің жалпы шығыны 550 599 бен 670 275 адам аралығында болуы мүмкін.
Украина өз әскерінің шығыны туралы соңғы рет 2026 жылдың шілдесінде мәлімдеген. Сол кезде президент Владимир Зеленский шамамен 50 мың украиналық әскери қызметкердің қаза тапқанын айтқан. Дегенмен батыстық сарапшылар бұл көрсеткіш нақты шығыннан төмен болуы мүмкін деп есептейді. Ал ашық дереккөздерге сүйеніп мәлімет жинайтын Ukraine losses жобасында 115 952 украиналық әскери қызметкердің қаза тапқаны аты-жөнімен тіркелген.
BBC зерттеушілері Росстаттың сыртқа шыққан мәліметтері де соғыстағы адам шығынын толық көрсетпейтінін атап өтті. Өйткені кейбір әскери қызметкерлердің өлімі тіркелмеген, ал кейбірінің қаза табу себебі соғыспен байланыстырылмаған. Сондықтан жарияланған сандар түпкілікті көрсеткіш емес, журналистердің қолда бар деректер негізінде жасаған бағалауы саналады.