Орал тұрғыны әкесінің өлімі үшін ауруханадан 4 млн теңге өндіріп алды

Орал қаласында медициналық көмектің уақытылы көрсетілмеуінен көз жұмған 58 жастағы ер адамның ұлы ауруханадан 4 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіріп алды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
Әкесінің өлімінен кейін сотқа жүгінген
Ер адам қайтыс болғаннан кейін оның ұлы полицияға арызданған. Алайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылған.
Сонымен қатар Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті жүргізген тексеру барысында науқасқа медициналық көмек көрсету кезінде заңбұзушылықтарға жол берілгені анықталған.
Әкесінің өліміне медицина қызметкерлерінің әрекеті мен әрекетсіздігі себеп болды деп есептеген азамат аурухана мен емдеуші дәрігерді сотқа беріп, моральдық зиянды өтеуді талап еткен.
Науқасты мас деп, қажетті тексеруден өткізбеген
Жоғарғы соттың мәліметінше, науқас бірнеше рет медициналық көмекке жүгінгенімен, дәрігерлер оны әр жолы мас күйде деп болжап, қажетті тексерулер жүргізуден бас тартқан.
«Орал қаласының №2 соты істі қарап, емделушінің бірнеше рет медициналық көмекке жүгінгенін анықтады, бірақ медицина қызметкерлері оны мас күйінде болғанына сілтеме жасай отырып, оған қажетті тексеру жүргізуден бас тартқан. Бұл ретте ағзадағы алкоголь құрамына зерттеу жүргізілмеген. Денсаулық сақтау басқармасының call-орталығына жүгінгеннен кейін ғана науқас терапия бөліміне жатқызылып, оған ишемиялық инсульт диагнозы қойылды», – делінген хабарламада.
Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, ишемиялық инсульт кезінде адамның қимыл-қозғалыс үйлесімі бұзылып, сөйлеуі анық болмай қалады. Сондықтан оның сыртқы белгілері мас адамға ұқсас болуы мүмкін.
Дәрігерлер емдеуді бастағанымен, келесі күні ер адам көз жұмған.
Сот медициналық көмектің уақытылы көрсетілмеуі науқастың өмірін сақтап қалуға болған нақты мүмкіндіктен айырған деген қорытындыға келген.
Аурухана өкілі талап-арызбен келіспегенімен, сот талапты ішінара қанағаттандырып, қайтыс болған азаматтың ұлының пайдасына 4 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енді.