«Ол мені пышақпен жаралады»: күдікті Нұрай Серікбайдың өзін айыптай сөйледі
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр.
Кезекті сот отырысында айыпталушы Шерхан Аймахан оқиғаның өз нұсқасын баяндады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Нұрай өз еркімен тұрмысқа шығуға келісті»
Айыпталушының айтуынша, олар 2025 жылдың жазында танысып, кездесіп жүрген. Оның сөзінше, Нұрай өз еркімен тұрмысқа шығуға және «қалыңдық алып қашу» дәстүріне келіскен. Сондай-ақ, ол қызға қаржылай көмектесіп, түрлі сыйлықтар жасағанын айтты.
«Қоштасу үшін барғанмын»
Шерхан Аймаханның сөзінше, қайғылы оқиға болған күні ол Нұраймен қарым-қатынасты аяқтап, сақинасын қайтарып алу үшін кездесуге барған.
Оның айтуынша, жолға шығар алдында көліктің қолғап салғышынан көрген екі пышақты байқамай қалтасына салып алған. Кейін жанжал кезінде Нұрай өзін пышақпен жаралағанын мәлімдеді.
«Алдында айтып өткенімдей, Нұраймен қоштасу үшін бардым. Содан кейін ол маған балағат сөздер айтып, көкірегімнен ұра бастады. Мен оған кішкентай пышақты бердім, сол сәтте сол қолымен соққы жасаған соң (оң жақ бүйірін көрсетті), өзімді жоғалтып алдым, әрі қарай есімде жоқ», – деді айыпталушы.
«Қанша рет пышақ сұққаным есімде жоқ»
Сот барысында айыпталушы Нұрай Серікбайға қанша рет пышақ сұққанын және алғашқы соққыны қалай жасағанын айта алмады. Оның сөзінше, болған оқиға мүлде есінде қалмаған.
«Қан жоғалтып жатыр екенмін, не болғанын түсінбей жүрдім. Есімді жиған кезде жазық далада жүргенімді байқадым. Жолда көліктер өтіп жатты. Не болғанын білейін деп көліктерді тоқтаттым. Екі автокөліктің бірі тоқтап, мені аудандық полиция бөліміне жеткізді. Сол кезде ғана не болғанын білдім», – деді ол.
Тергеу нұсқасы қандай?
Тергеу мәліметіне сәйкес, айыпталушы қылмысты алдын ала жоспарлап, жәбірленушіні аңдып жүрген. Прокуратураның мәліметінше, алғашқы пышақ жарақаттарын салғаннан кейін ол кетіп бара жатқандай кейіп танытып, кейін қайта оралып, Нұрай Серікбайға жалпы саны 35 пышақ жарақатын салған.
Қазіргі уақытта іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.
Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оған қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені хабарланған.
16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы жұмысынан босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Нұрайды өлтірді деген күдікті бірнеше күн қашып жүріп, ұсталған. Күдіктіге үш айып тағылған.