Жаңалықтар

Непалдағы су тасқыны: ГЭС-тің 900-ден астам қызметкері із-түзсіз жоғалды

Апат салдарынан гидротехникалық нысандар мен жолдар да айтарлықтай қираған.

Непалдың солтүстігінде болған алапат су тасқыны мен көшкін салдарынан қаза тапқандар саны 903 адамға жетті. Тағы шамамен 4,2 мың адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Бұл туралы Табиғи апаттар қаупін азайту және оның салдарын жою жөніндегі ұлттық басқарма мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Шетелдік дереккөздерге сүйенсек, соңғы ақпарат бойынша 10 461 адам құтқарылған. Із-түзсіз жоғалғандардың арасында 592 шетел азаматы бар.

Сонымен қатар, тоннельдерде қамалып қалуы мүмкін деген 933 гидроэнергетика нысанының қызметкерінің қазіргі тағдыры әзірге белгісіз.

Жолдар мен инфрақұрылымға үлкен залал келді

Апат салдарынан гидротехникалық нысандар мен жолдар да айтарлықтай қираған.

Құтқарушылар іздеу жұмыстарын және үйінділерді тазалауды жалғастырып жатыр. Жер астындағы тоннельдерде қамалып қалған адамдарды шығару үшін ауыр техника мен бұрғылау қондырғылары қолданылуда.

Құтқарушылар бұрғылау қондырғылары арқылы тоннельдерге оттегі беріп, адамдарға азық-түлік жеткізіп жатыр.

Қытай мен Үндістаннан көмек келді

Непалға көмек көрсету үшін Қытай мен Үндістаннан құтқару топтары келді. Табиғи апат салдарынан Қытай-Непал шекарасындағы Қытай аумағында да 16 адам қаза тапты. Осылайша, екі елдегі табиғи апат салдарынан қаза тапқандардың жалпы саны 900 адамнан асты.

Оқиға желісі

Еске салсақ, бұған дейін Непалда Қытаймен шекараға жақын маңда сел жүруінен су тасқыны болғаны туралы жаздық.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Непалдағы жойқын су тасқынынан кейін Қазақстан азаматының хабар-ошарсыз кеткендер қатарында екенін мәлімдеді.

Одан кейін Қазақстанның тағы бір азаматы іздестіріліп жатқаны мәлім болды.

29 тамызда Непал мен Қытай шекарасындағы жойқын табиғи апаттан кейін Қазақстанның үш азаматы іздестіріліп жатқаны белгілі болды. Қазақстан дипломаттары екі елдің мемлекеттік органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатқанын Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді

Back to top button