TOP-1Жаңалықтар

Непалдағы алапат тасқыннан кейін жоғалған үш қазақстандық турист іздестіріліп жатыр

469 адам қаза тапқан алапат тасқында жоғалғандардың ішінде Қазақстан азаматтары да бар

Непал мен Қытай шекарасындағы жойқын табиғи апаттан кейін Қазақстанның үш азаматы іздестіріліп жатыр. Қазақстан дипломаттары екі елдің мемлекеттік органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатқанын Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Үшінші қазақстандық туралы ақпарат түсті

Сыртқы істер министрлігі бұған дейін апат аймағында болуы мүмкін екі қазақстандық әйелдің іздестіріліп жатқанын хабарлаған еді. Енді ведомствоға үшінші турист туралы ақпарат түскен.

«Непал мен Қытай шекарасындағы табиғи апат аймағында болуы мүмкін Қазақстаннан барған үшінші турист туралы ақпарат түсті. Қазақстандық дипломаттар екі елдің мемлекеттік органдарымен жұмыс жүргізіп жатыр. Отандастарымызды іздеу жалғасуда», – делінген СІМ хабарламасында.

Қазақстан дипломаттары Непал мен Қытайдың құзырлы органдарымен тұрақты байланыста. Әзірге іздестіріліп жатқан азаматтардың қайда екені туралы нақты мәлімет жоқ.

Тасқыннан жүздеген адам қаза тапты

Алапат табиғи апат 26 тамыз күні таңертең Непал мен Қытайдың Тибет автономиялық ауданы шекарасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, мұздықтың төменгі бөлігі опырылып, мұз бен тау жыныстарының алып массасы көшкін мен селге ұласқан.

Сел өзен арнасын бөгеп, табиғи бөгет қалыптастырған. Кейін бөгет бұзылып, төменде орналасқан елді мекендерді қуатты тасқын басқан.

Жарияланған дерекке сәйкес, табиғи апаттан қаза тапқандар саны 469 адамға жеткен. Непал полициясы 389 адамның денесін тапса, Тибетте 80 адамның қаза болғаны хабарланды.

Непалда кемінде 910, ал Тибетте 558 адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Олардың арасында шетелдік альпинистер, туристер мен қажылар бар. Апат кезінде өңірде қасиетті Қайлас тауына барып қайтқан адамдардың көп болғаны айтылады. Іздестіру-құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Back to top button